Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның айтуынша, АЭС бойынша стратегиялық шешім қабылданды — таңдау модульді станцияларға түсті. Технологияны жеткізуші ел әлі таңдалмаған. Бұл туралы армян үкіметінің басшысы Ереванда өтіп жатқан Әлемдік армян саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform-ның өз тілшісі.
Никол Пашинянның айтуынша, жаңа АЭС құрылысы елдің энергетика секторының маңызды жобаларының бірі болып табылады. Ол Армения билігі АЭС бойынша стратегиялық шешім қабылдағанын айтты — бұл модульдік станция болады. Армения Премьер-министрінің түсіндіруінше, мұндай шешім станцияның экологиялық әсеріне байланысты қабылданған.
— Әлемде жұмыс істеп тұрған модульдік АЭС жоқ екенін ұмытпау керек. Алайда әртүрлі дайындық деңгейіндегі бірнеше жоба бар. Көріп отырғанымыздай, бұл саладағы ең үлкен прогреске АҚШ қол жеткізді, бірақ Франция да, соңғы уақытта Ресей мен Оңтүстік Корея да осы бағытта жұмыстар жүргізуде, — деді Никол Пашинян модульдік АЭС технологиясы туралы.
Бұған дейін Арменияда жаңа АЭС құрылысына дайындық жүргізуге шақырылған болатын. МАГАТЭ-нің соңғы мәліметтеріне сәйкес, Армениядағы жұмыс істеп тұрған АЭС елде өндірілетін электр энергиясының шамамен 30%-ын құрайды. Армян АЭС-і 2016 жылы жұмысын тоқтатуы керек болған, бірақ оны кең көлемді жаңғырту арқылы пайдалану мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылды. Соңғы бағалауларға сәйкес, станция 2036 жылға дейін қызмет ете алады.
2024 жылдың 1 тамызында Армения үкіметінің шешімімен жаңа АЭС құрылысы үшін жеке кәсіпорын құрылды. Жоба негіздемесін дайындап, ел үкіметінің мақұлдауын алғаннан кейін компания халықаралық серіктестермен келіссөздер жүргізіп, жаңа АЭС құрылысына дайындық пен қаржыландыру бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге тиіс.