Жоғарғы сот мектепке хиджабпен баруды заңды деп танымағанын мәлімдеді. Олар тек оқушының мектепке бару құқығына қатысты шешім шығарғанын айтты.
◾️ БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуды заңды деп таныды деген жалған ақпарат таралуда.
◾️ Істі қарау барысында Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығын талқылаған жоқ.
◾️ Кассациялық инстанция мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін ғана заңсыз деп таныды, себебі білім алу құқығы – Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген негізгі құқықтардың бірі.
◾️ Сонымен қатар, орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту құзыреті тиісті министрлікке тиесілі. Министрдің сәйкес бұйрығы заңсыз деп танылған жоқ және күшін жойған жоқ.
◾️ Сондай-ақ, ата-аналар мектеп жарғысын және мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті екенін еске саламыз.
◾️ Сонымен бірге, ата-аналардың балаларды тәрбиелеу, білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша өз міндеттерін орындамауы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылуға әкеп соғады.