Өткен ғасырдың жиырмасыншы-елуінші жылдарының аралығы – қазақ тарихындағы ең ауыр кезең екені белгілі. Кеңестік тоталитарлық биліктің қазақ халқына ұйымдастырған геноцидінің салдарынан ұлтымыз жойылып кетуге шақ қалды. Кулактар мен байларды тап ретінде жою саясатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған байлар мен орта шаруаларды тәркілеу, оларды күштеп жер аудару халықтың атамекенін тастап ауа көшуіне әкеп соқтырды. Оның соңы жаппай ашаршылыққа ұласты. Оған қоса дін қызметкерлері, қазақтың өнерлі, білімді, оқыған азаматтары, зиялы қауым өкілдері мен саяси қайраткерлері «халық жауы» атанып, жаппай қуғын-сүргінге ұшырады, жер аударылды, ату жазасына кесілді. Осының бәрі ұлттық генофондымызға орасан зор зиянын тигізді, санымызды кемітіп, санамызды тұмандандырып, рухымызды жасытты. Мұның өзі ұлт ретіндегі тарихи дамуымыздың сабақтастығын үзіп, тарих сахнасынан түсіріп тастай жаздады. Міне, сол қасіретті кезеңді толықтай зерттеп білу, қуғындалған, құрбан болған азаматтарды түгел анықтап, оларды толықтай ақтау және сол кезеңде орын алған нәубеттерге тарихи, құқықтық және саяси баға беру – бүгінгі отандық тарих ғылымының, тіпті, тұтас қазақ халқының алдында тұрған зор міндет.
Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі Түркістан қаласында қуңын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жасалып жатқан жұмыстарды саралап көрді.
2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығына және Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» №6 қаулысына сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың мақсаты мен міндеттерін талқылап, іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық офисінің дайындаған әдістемелік нұсқаулығына сүйене отырып, Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі әділет, сот, прокуратура органдарының жабық және ашық қорларындағы құжаттарды зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс Сталин өмірден өткеннен кейін, өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарындағы жылымық кезеңінде басталып, сексенінші жылдардың екінші жартысындағы қайта құру кезінде там-тұмдап жүрді. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағытта өте ауқымды жұмыстар жүргізілген болатын. Алайда, ұлттық деңгейде танылған саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары ақталғанымен, олардың күрес жолы және артында қалдырған мұралары толық зерттеліп біткен жоқ. Оған қоса сол кезеңде қуғындалған, құрбан болған мыңдаған қарапайым адамдардың есімдері белгісіз күйінде қалып, олардың құжаттары архивтерде ғана сақтаулы тұрған болатын. Оларға қатысты істерді жан-жақты зерттеп, толық ақтау – тарихи әділеттіліктің орнауы болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған мемлекеттік комиссияның қызметі ұлт тарихын тану тұрғысынан ерекше маңызға ие.
«Түркістан легионына» байланысты қоғамда екіұшты көзқарас кездеседі. «Олар өз Отанына қарсы соғысты» деген пікірлер айтылып қалады. Дегенмен, тұтқынға түсіп, кейіннен азат етілген жауынгерлерге сол кезде кеңестік билік күдікпен қарағанымен, олардың басым көпшілігі сатқындық жасамаған. Әскери дайындығының жоқтығынан, қоршауда қалып немесе жарақатының салдарынан тұтқынға түскендер көп. Тіпті, майдан даласында адасып кетіп, жау тылына өтіп кеткендер де кездеседі. Мәжбүрліктен тұтқынға түскеніне қарамастан ол адамдар соғыстан кейін тергеуге алынып, көпшілігі сотталған. Бұл адамдар да сол қасіретті жылдардың құрбандары, олар да тоталитарлық биліктің қуғын-сүргініне ұшыраған.
Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша саяси-қуғын сүргінге 17 231 ұшыраған. Солардың 8 504-і соғыс жылдарында тұтқынға түскен адамдар. Оның 8 248-і сүзгіден өткен адамдар. Яғни КСРО-ның қауіпсіздік органдары бұл адамдарға күдікпен қарап, тергеп-тексеруге алған. Бұл адамдар сотталмағанымен олар өмір бойы аңдуда, бақылауда болған. Қалған 356 адам сотталған. Бұлардың жүзден астамы «Түркістан легионының» құрамында болған. Сотталғандардың біразы КСРО Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-ші бабы бойынша «Отанына опасыздық жасады» деп айыпталып, ату жазасына кесілген. Әскери тұтқындарға қатысты архивтік құжаттармен танысқан жұмысшы топ материалдарды зерделеп, қорытынды жасады. Нәтижесінде арасында әлі күнге ресми түрде құқықтық тұрғыда ақталмаған адамдардың бар екені анықталған. Бұл құжаттардың бәрін ғылыми айналымға енгізіп, оларды толық ақтау жөнінде ұсыныс әзірленді.
Тарихта «ақтаңдақтар» деген атпен қалған сталиндік солақай саясат жылдары әрбір қазақстандықтың есінде мәңгі сақталады. Өз халқының болашағы жолында адал қызмет еткен және сол жолда құрбан болған ерлеріміздің атқарған істері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Сол жылдарда Оңтүстік Қазақстан облысында 576 коммунист «үштіктің» үкімімен сотталса, оның 58-і облыстық, аудандық партия, Кеңес органдары мен ұйымдарының, мекемелердің бастықтары еді. Олардың 36-сы атылды. Облыс көлемінде сол жылдары 1773 адам қуғын-сүргінге ұшырап, 595-і атылған екен. Олардың ішінде асыл аналарымыз да бар. Осындай қызыл қырғынды басынан өткерген Шымкент облысынан – 14 саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың құжаттар топтамасы бүгінде облыстық архивтің №630 қорында тұрақты сақтауда. Атап айтар болсақ;
1) Алтынбеков Дүйсенбай – 1890 жылы бүгінгі Шымкент облысы, Қызылқұм ауданы, «Арыс» кеңшарында өмірге келген. 1937 жылы 24 желтоқсанда «халық жауы» деген жаламен жазықсыз құрбан болды.
2) Отарбаев Тәңірберген – 1893 жылы Шымкенттің Қатынкөпір аймағында дүниеге келген. 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылды.
3) Сабыр Айтхожин – 1885 жылы Көкшетау уезіндегі Ақмола губерниясында өмірге келген. 1937 жылы қазан айында тұтқынға алынды. 1938 жылдың 19 ақпанында РСФСР жоғары сот әскери кеңесінің үкімімен Шымкент қаласында атылды. 1957 жылдың желтоқсанында ақталды.
4) Елеукенов Балабай – 1902 жылы туған. 1938 жылы «халық жауы» ретінде тұтқындалды.
5) Қаламбаев Аппаз – 1900 жылы Созақ ауданы, Үлкен Шу болысында дүниеге келген. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен қамауға алынып, дүние мүлкі кәмпескеленді, отбасының тоз-тозы шықты. Өзі 10 жылға сотталып, Магадан облысында қамауда болды. 1947 жылы ақталып шыққан.
6) Нәзір Төреқұлов – 1892 жылы Түркістан маңындағы Қандөз ауылында дүниеге келген. 1937 жылы репрессия құрбаны болды, 1958 жылы ақталды.
7) Қыстаубаев Жұмабек – 1904 жылы туған. 1937 жылы тұтқындалған.
8) Жүнісов Кенжебек – 1937 жылы тұтқындалған.
9) Сапарбеков Садықбек – 1902 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. 1936 жылы наурыз айында 36 жасында Алматы қаласында «халық жауы» деген жаламен атылады.
10) Сандыбаев Әбубәкір – 1887 жылы Түркістан генерал-губернаторына қарайтын Сырдария облысының Перовск уезіндегі Жөлек ауылында туған. Еліне, жеріне, Кеңес өкіметіне адал еңбек еткен, «халық жауы» деген жаламен 1938 жылы қамауға алынған. Сондағы кінәсі: Мұстафа Шоқаймен рулас болғандығы ғана. Түрмеде жатып жоғарыға қайта-қайта хат жазып, 1940 жылы 22 қазанда «халық жауы» деген таңбадан құтылады.
11) Кулетов Қазмұхамед – 1897 жылы Сырдария облысы, Қазалы уезіне қарасты №1 ауылда дүниеге келген. 1937 жылы 28 қарашадан 27 желтоқсанға дейін «троцкистермен, оңшылдармен байланысты» деп қамауда болады. Содан 1938 жылдың 26 ақпанында үкім шығып, ату жазасына кесіледі де, жаза 13 наурызда орындалады. 1958 жылы ақталды.
12) Тұрашев Жайлаубай – 1904 жылы туған. 1937 жылы сотталған. 1953 жылы ақталған.
13) Пернук Алексей – 1898 жылы туған. 1937 жылы репрессияланған, 1950 жылы ақталған.
14) Арапов Ташмет (Тәжімұхамед) – 1878 жылы Арыс ауданы, Қараспан ауылында туған. 1937 жылы 30 желтоқсанда атылған.
Елі, жері үшін жанын пида еткен арыстарымыздың ел тарихындағы орны ерекше. Қазіргі тыныс-тіршілігіміз бен бейбіт өміріміздің де негізін қалаған осы азаматтар. Елім деп еңіреп өткен ата-баба рухына құрмет көрсетіп, қадірлеу – азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз.
Бұрынғы МҚК-нің құпия архиві осыған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің ғимаратында орналасқан еді. Бірақ, біз жұмысты бастағаннан кейін көп ұзамай барлық өңірдегі құжаттарды бір жерге жинақтау туралы шешім қабылданды. Бірінші болып Шымкенттегі архивті Алматы қаласындағы Президент архивіне әкетіп қалды. Бұл біздің зерттеу жұмысымызға біршама қиындықтар туғызып отыр. Соған қарамастан біз жоғарыда айтылған 8 504 тұтқынның 4 мыңнан астамының құжаттарын зерделеп, материалдар дайындадық. Мемлекеттік комиссия жұмысының материалдары арнайы сериямен кітап болып жарияланып жатыр. Осы күнге дейін 33 том материал жарыққа шықты. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Біз өткен жылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан шыққан әскери тұтқындарға арнап, сол серияның бір томын кітап етіп жарыққа шығардық. Бұл біздің тағдыры тәлкекке түсіп, Отанын қорғау үшін соғысқа аттанып, ол жақта амалсыздан тұтқынға түскен, жау қолында азап шеккені аздай, елге оралған соң күдікке ілініп, сотталған аталарымыздың рухының алдындағы перзенттік парызды өтеуіміз болмақ.