Бүгін — Халықаралық туризм күні.
Дүниежүзілік туризм күнін атап өту идеясын 1979 жылы БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас ассамблеясы ұсынып, бекітті. Мұндағы мақсат – әлем қауымдастығын туризмнің әлеуметтік, мәдени, экономикалық маңызына назар аударту. 27 қыркүйектің бекітілуіне себеп – 1970 жылы Дүниежүзілік туристік ұйым Жарғысы бекітілді. Туризм әлем экономикасындағы ең табысты салалардың бірі саналады. Қазақстан соңғы жылдары туристік әлеуетті арттыруға күш салуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған мәселе көтерді. Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет екенін баса көрсетті.
«Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн», – деді Президент.
Сонымен қатар, туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау маңызды екенін ерекше атап өтті. Соның ішінде Түркістан өңірінде туризм саласы жақсы дамып келеді. Түркістан өңірін туристік бағытта жандандыру үшін арнайы жол картасы әзірленді. Онда негізгі 6 тарау қарастырылған. Атап айтқанда, туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру мәселелері қамтылған. жол картасын орындау нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде. Өңірдегі танымал туристік орындар мен нысандар жүйеленіп, дамиды. Осыған байланысты, әлеуеті жоғары 10 туристік нысан таңдалып алынған. Туристік нысандардың ақпаратын жаңарту және әдістемесін дайындаудан бөлек, гид-экскурсовод қызметінің сапасын арттыру қаралып отыр. Туристік қызмет көрсетушілер (такси, электрокар, шырақшы) үшін бірыңғай қызмет көрсету қағидасы әзірленіп, туристік субъектілердің қызмет көрсету сапасы көтеріледі. Әзірленген біркелкі брендке сәйкес түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама, туристік операторлар мен агенттіктермен жұмыс, нысандардың 3Д фотоларын интернет порталдарына орналастыру жоспарлануда. Туристік өнімдер санын арттыру және күшейту, сондай-ақ ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жол картасында орталық қызметін монетизациялауға басымдылық беріледі. Тарихи нысандарды күтіп ұстау да басты назарда. Туристерге қазақтың ұлттық тағамдары мен ою-өрнектері, қолөнер бұйымдары ұсынылады. Биыл, жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы соммасы 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттар мен жан-жақты материалдар таратылуда. Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» авиакомпаниясымен бірлескен жұмыс нәтижесінде іске қосылған «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстердің саны артады.
Жалпы Түркістанда туристер тамашалайтын қандай аймақтар бар? Енді осы жағына тоқталайық.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістанның бойтұмары
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – өңірге туристердің тартатын негізгі нысанның бірі. Ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші саналатын тархи ғимарат 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи қабірінің басына тұрғызылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер көп. Жалпы 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 метр. Үш қабырғасының үстіңгі жағында көгілдір қышқа өрнектеліп Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады.Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады. Объектінің қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді. Кесене Түркістан қаласында түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген орында тұрғызылған. Кесене сегіз бөлмеден тұрады. Олар Тайқазан тұрған ортадағы ең үлкен залды айнала орналасқан. 1385-1405 жылдар аралығында кесененің төңірегіне қосалқы ғимараттар салынған. Бүгінде мұражай-қорық аумағына мешіт, Үлкен және Кіші Ақсарай залдары, кітапхана және шаруашылық кешені: құдық, асхана, тұрғынжайлар (хұжралар) және тағы басқалар кіреді.
«Арыстан бабқа түне, Ясауиден тіле»
Түркістанға келген туристер міндетті түрде Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесі кіріп, дұға етіп шығады. Себебі, Арыстан баб — Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы. Сондықтан болар, «Арыстан бабқа түне, Ясауиден тіле!» деген ел ішінде де тәмсіл сақталып қалған. Көне Отырар жеріндегі Арыстан баб кесенесі XI ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Аумағында емдеу қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар. Бүгінде Арыстан баб кесенесі мемлекеттік қорғауға алынған. Аңызға сенсек, Арыстан баб өмірден өткенде оның мәйітін жер-жерден жиналғандар өз еліне алып кетпекке талас жүреді. Ақыры бір мәміле болмаған сыңайлы. Құдайдың құдіретімен мәйіт жеті бірдей мүрдеге айналыпты. Жеті мүрдені жеті түйеге артып қоя берген. Міне, сол жеті мүрденің екеуі қазақ жерінде екен. «Аңызда әулиенің жер жүзінде жеті жайы болса, соның екеуі – осы Қазақстанда. Аралдың Ақирегінде жатқан әулиенің орнын да жергілікті жұрт қатты әспеттейді. Біреуі – Қырғызстанның Жалалабад қаласында, Иранда екі жайы бар. Мекке-Мәдинада бір мазары болса, сосын Израильдің Тель-Авив қаласынан 50 шақырым жерде бабаның осындай қасиетті орны кездеседі. Түркістандағы Арыстан баб кесенесінде келушілерге барлығы ұйымдастырылған. Әрі мұнда туристер легі толассыз екені көзге көрініп тұрады. Зәулім мешіт пен түрлі қонақжай, сырттан келгендерге дайын асхана, мұның барлығы жол бойын тізбектей орналасқан. Мұнда еміне шипа іздеген де, өзіне нұрлы жол тілеген де, сәби үніне зар болғандар да, тіпті, күннен қорғар телпегі мен жылтырақ көзілдірігін таққан ұлты бөлек, өзге діндегі шетелдіктер де келеді.
Ханның тағы
Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде Хантағы жотасы бар. Аты айтып тұрғындай мұнда ханның тағына ұқсас тау орналасқан. Ел аузындағы аңыз әпсаналарға сүйенсек, елді билеген хан түсінде ажалының қарақұрттан келетінін көреді. Көріпкелдерде дәл осылай болжаған. Сол жылдары елде төрт түлікте қарақұрттың улы тісінен өлім құша бастайды. Өлімнен қатты қорыққан хан қарақұрттан қашып Қаратаудың биік жотасына қоныстанады. Жан жағындағы жасақтары да ханды аса сақтықпен «қарақұрт» атты тажалдан қорғай бастайды. Осылай жаз өтеді, күздің күні суыра соққан жел үш күн, үш түн дамылсыз соғып, сақшылардың да есін шығарады. Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, халықпен жүздесіп, өз тағына келеді. Асқа отырып, тамақтанып жатқанда жеміс толы ыдыс ішінен шыққан қарақұрт шынында да ханды шағып өлтіреді. Содан бері бұл тау Қантағы, бертін келе Хантағы аталып кетсе керек. Басқа бір аңызда: «Ертеректе қол астындағы халықтың мұң-мұқтажымен санаспаған қатыгез, мейірімсіз хан өмір сүріпті. Елдің жағдайын ойлап, олардын тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлетін ешкім болмаған соң, жұрт аштыққа ұшырап, адамдардың арасында жұқпалы ауру тарапты. Осы кезде әміршінің құлағына «Ойбай, хан ауылына қарақұрт қаптап келеді!» деген хабар жетеді. Бұл тажалдан құтылу үшін қаһарлы хан биік жотадан өзіне арнап тездетіп тақ салуға бұйрық береді. Тақ әзір болған кезде хан ауысып алады да, төменге күзет қояды. Ханға ең сенімді жалғыз даяшыдан басқа ешкім қатынамайтын болады. Сөйтіп, келе жатқан пәледен құтылудың амалын таптым деп ойлаған хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі. Бірақ, өкінішке қарай, көп ұзамай әлгі тамақ әзірлеуші даяшының бөркіне жабысып келген қарақұрт ханды шағып өлтіріпті. Бұқарадан бөлініп, өзінше жан сауғаламақ болған ханның ажалы осылай жеткен деседі. Ал әміршінің тағы тұрған жері кейін «Хантағы» аталып кетсе керек». Қазіргі кезде Хантағы орналасқан аумақ қоршалған. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қорғауына алынған.
Тау ішінде 10 мың адам сиятын үңгір бар
Ақмешіт үңгірі Бәйдібек ауданында орналасқан. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 метр. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді. Жалпы Ақмешіт үңгірі туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Солардың бірінде қалмаққа қарсы жорыққа шыққан қазақ жауынгерлері кенеттен нөсер жауының астында қалады. Он мыңнан астам сарбаз пана іздеп, осы үңгірге түседі де, таңғы намазға жығылыпты. Содан бері бұл тау ішіндегі үңгір Ақмешіт аталып кеткен. Бертін келе үңгірдің ішінде үлкен үкі өмір сүрген. Оның төбеден түскен қиы төбешік болып үйіліп қалған. Сондай-ақ, сол маңдағы тұрғындардың айтуынша үңгір ішін үлкен ақ жылан мекендейтін көрінеді. Ол адамдардың көзіне көп көріне бермейді екен. Яғни, көпшілік үкі мен ақ жыланды үңгірдің киесі деп санайды.
Айта кетейік, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып саналады. Облыс аумағында 1780 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ облыста 229 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан бөлек облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. Олар – ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.