Түркістанда 1 қазан — Халықаралық қарттар күні ерекше атап өтілді. Түркі елінің рухани астанасы Түркістан қаласында Халықаралық қарттар күніне орай «Қазыналы қарттарым» атты спорттық жарыс ұйымдастырылды. Бұл шара ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау, сонымен қатар ардагерлердің өнегесін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткізілді, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысқа қатысуға дойбыдан 5 үміткер, шахматтан 7 үміткер тіркелді. Жарыстың мақсаты – қариялардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың физикалық және рухани денсаулығын нығайту. Осы мақсатта арнайы қазылар алқасы да тағайындалды. Қазылар алқасы құрамында «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бейсембаев Бақытжан Жармаханұлы болды.
«Этно ауыл» аумағында өткен «Қазыналы қарттарым» спорттық жарысы барысында ардагерлер дойбы мен шахматтан өз шеберліктерін көрсетті. Жарыс барысында қатысушылар өзара бәсекеге түсіп, ойындарын жоғары деңгейде орындап шықты. Қазылар алқасы ойыншылардың өнерін саралап, әділ баға берді.
Жарыс қорытындысы бойынша дойбы және шахмат ойындарында келесі жеңімпаздар анықталды:
Дойбыдан:
- I орын: Пәйзіұлы Хамза (Отырар секторы);
- II орын: Дүйсекбай Сенбек (Яссы секторы) және Файзиев Ержан (Яссы секторы);
- III орын: Баймұрзаев Ералы және Сихимов Ғалымжан (Шауғар секторы).
Шахматтан:
- I орын: Жарқынбек Ерсін (Отырар секторы);
- II орын: Каликулов Зауіржан және Аханов Назарбек (Отырар секторы);
- III орын: Досыбекова Мария және Атабаев Набихан (Сауран секторы).
Жарысқа қатысқан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйақыға ие болып, Түркістан қаласы әкімінің арнайы дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар, сайысты әділ бағалаған қазылар алқасы да марапаттан тыс қалмады. Оларға да қала әкімдігі тарапынан алғыс білдіріліп, құрмет көрсетілді.
Этно ауылда өткен бұл шараны тамашалауға көптеген қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері және «Әжелер алқасы» мүшелері қатысты. Көрермендер көтеріңкі көңіл-күймен жарыстың сәтті өтуіне қуанышын білдірді. Қатысушылар бір-біріне ризашылықтарын айтып, мерекені жоғары деңгейде атап өтті.
Қарттар күніне арналған әлеуметтік маңыздылық
Түркістанда бүгінгі таңда 16 224 зейнеткер өмір сүреді. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылдың 22 ақпанында «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №47 бұйрық қабылдаған. Бұл құжат өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарын ашуға бағытталған. Мемлекетіміздің қарттарға қамқорлық жасау, олардың өмір сапасын жақсарту және қоғамның белсенді мүшесі ретінде белсенділігін арттыруға деген ұмтылысы – маңызды басымдықтардың бірі болып табылады.
Түркістандағы бұл спорттық жарыс ардагерлерге тек физикалық денсаулықты нығайтуға ғана емес, сондай-ақ оларға қоғамның бөлігі екендігін сезінуге мүмкіндік берді. Осындай іс-шаралар арқылы қарттарға құрмет көрсетіліп, олардың жастарға үлгі боларлық құндылықтарын дәріптеу жалғасын табуда.
Халықаралық қарттар күні – бұл тек бір күндік мереке ғана емес, қарттарды еске алу, оларды құрметтеу және оларға қолдау көрсету күнделікті өмірде де ескерілуі керек. Түркістан қаласында осындай шаралар ұйымдастыру арқылы ұрпақтар сабақтастығы нығайып, қарттардың қоғамдағы рөлі арта түседі.