Аяулы да, ардақты ұстаздар!
Баршаларыңызды бүгінгі кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаз – ұлағатты есім. Кез келген қоғамдағы, барлық кезеңдегі ұстаздың ұлы міндетіне баға жетпейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау маңызды міндет» деп ерекше атап өтті. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз – ортақ. Ұстаздан тәлім алған шәкірт ретінде менің де мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласым ерекше. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!
Бүгінде облыс орталығында жалпы, 5181 мұғалім білім беруде. Ұстаздар облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларда жүлдегер атанып, түркістандық әріптестерінің мақтанышына айналды. Оқушылардың жетістіктері де артып, Түркістан білім бәйгелерінде республикалық, облыстық, қала және аудандар арасында алғашқы қатардан көрініп келеді. Бұл – білікті де білімді, тәжірибелі ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Балалардың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылып жатыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістанда заманауи үлгіде 8 мектеп салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 3 жайлы мектептің құрылысы қарқынды жүріп, жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Алдағы уақытта да еліміздің рухани және интелектуалдық әлеуетін дамытуға зор үлес қосып, білім саласында нәтижелі жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін.
Құрметпен,
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы