Түркістан қаласындағы №133 учаскелік референдум комиссиясында дауыс беруге келген адамның қарасы қалың. Түркістандағы «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі» №133 референдум учаскесі ашылғалы дауыс берушілердің біраз легі келіп үлгерді. Тіпті 2 сағат ішінде 80-нен аса адам келді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Еліміз үшін маңызды шешім қабылдау мақсатында қала тұрғындары бүгін ерте тұрды. Оны бүгінгі дауыс беруге келген адамдардан аңғаруға болады. Тіпті, алғашқы болып дауыс бергендерге сый-сияпат жасалып жатыр. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Дауыс берушілер өз мекенжайына қарасты учаскеге барып, өз таңдауын жасай алады» – деді референдум учаскесінің төрағасы.
Аталған референдум учаскесінде дауыс берушілерге арнап кітап көрмесі ұйымдастырылды. Дауыс берушілер осындағы түрлі бағыттағы кітаптарды оқи алады. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста 1 млн 180 мыңнан астам дауыс беруші бар. Таңғы 07:00-ден бастап облыс бойынша 945 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Учаскелерде 6 433 байқаушы мен 20 мобильді капитан жұмыс істеуде.