Түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы – Түркістанда Қала күні мерекесінің гала-концерті өтті, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтеав, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, барша қонақтарды құттықтап, рухани астананың әлем назарын аударған әлеуетті шаһарға айнала беруін тіледі.
«Алдымен баршаңызды 25 қазан – Республика күнімен құттықтаймын. Түркістан – 6 жылдан бері облыс орталығы. Көне шаһар миллиондаған турист пен сан мыңдаған қонақтың тамашалауға асығып келетін мекеніне айналды. Бүгін екінші тынысы ашылып, екпіндеп дамып жатқан рухани қаланың халқы шаһардың мерейлі мерекесін кеңінен тойлап жатыр. Дамудың жаңа кезеңіне бет алған Түркістан түркі әлемі көз тіккен қалаға айналып келеді. Мұнда 250-ден астам заманауи ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім мен медицина орталықтары, сондай-ақ инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді. Өңірде халық саны да күн санап артып келеді. Мемлекет басшысы Түркістан қаласын облыс орталығы ғана емес, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытуға тапсырма берді. Руханияттың, ынтымақтастық пен тыныштықтың нағыз ордасына айналған Түркістанда бүгін қала күні аталып өтіп жатыр. Барша Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарын мерейлі мерекемен құттықтаймын», — деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.
Салтанатты жиында Республика күні мерекесіне орай, өз саласында адал еңбек атқарып жүрген бір топ еңбек адамдары арнайы марапатталды. Кеште елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті талантты өнер иелері жиналған көпшілікке әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл сыйлады.
Биыл да Түркістан қаласының халқы мерейлі мерекесін кеңінен тойлады. Киелі шаһарда Қала күні онкүндік шаралармен өрнектеліп, әртүрлі бағытта аталып өтті. Республикалық футбол турнирінен басталып, суретшілер фестивалі, поэзия кеші, фото байқау, шахматтан ашық біріншілік және Яссауи хикметтерін жатқа айту, ұлттық және эстрадалық әндер концертімен жалғасты. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, мерекелік көңіл күй сыйлау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткен шаралар барлық секторда ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бүгінде қала халқының саны 234 мыңнан асып отыр. Қалада инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс, инфрақұрылым, туризм, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары күн сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан қаласына 273 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы көрсеткіштен 110 пайызға артқан. Туризм саласы бойынша өткен жылғы 7 айлық статистика бойынша Түркістанға 461,6 мың ішкі турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 752,1 мың адамға жетті. Былтырғы 7 айда шетелден 6,1 мың адам келсе, биылғы 7 айда 13,7 мың адамға жеткен. Сәйкесінше, қонақ үйлер мен туристік нысандар саны да күн санап артуда. Ал ауыз су, кәріз жүйесі, электр қуатымен қамтамасы ету, абаттандыру, жол, қоғамдық көлік қызметінің сапасы жақсарып, «көгілдір отынмен» қамту 98 пайызға жеткен.