Мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру мәселесіне байланысты БАҚ тарапынан сұрақтар туындауына орай, келесі ақпаратты ұсынамыз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру тек қана бюджет қаражатын үнемдеу арқылы жүзеге асырылады. Яғни, бұл қаражат іссапар шығындарынан, коммуналдық және көлік қызметтерінен, байланыс қызметтерінен, ғимараттарды жалға алу сияқты баптардан үнемделген жағдайда ғана қолданылады.
Қазіргі уақытта аталған қаулы мен басқа да заңдарда сыйақы беруге шектеу қойылатындай өзгерістер енгізілмеген. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеуге заңды кедергі жоқ.
Қаржы министрлігі осы ережелерді қатаң сақтау керектігін, бюджет қаражатын тек қана көрсетілген шығыс баптардан ғана үнемдеп, оны сыйақыға пайдалануға болатынын ескертеді. Ал инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс.