Түркістан қаласында экологиялық мәдениетті арттыру және қоршаған ортаны жақсарту мақсатында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасының тазалықты сақтау және қалаларымыздың таза әрі көркем болуы үшін қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасының шеңберінде жүзеге асырылды. Әр сенбі сайын ұйымдастырылатын бұл сенбілікке түрлі деңгейдегі қоғамдық, мемлекеттік және жеке тұлғалардан тұратын қалың қауым қатысуды дәстүрге айналдырған.
Бүгінгі сенбіліктің ерекшелігі – оған қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өзі бастап, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер қауымы, маслихат депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері, әртүрлі ұйымдардың белсенділері, коммуналдық сала қызметкерлері, қала тұрғындары мен кәсіпкерлік нысандардың иелері, сонымен қатар белсенді жастар бірлесіп қатысуында болды. Әрбір қатысушы бекітілген кесте бойынша өздеріне бөлінген аймақтарды тазалауға жауапкершілікпен қарады.
Қала бойынша сенбілік шаралары барысында жұмыс орындарының айналасы мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Шағын аудандардағы көпқабатты тұрғын үй аулалары, қоқыс жәшіктері орнатылған жерлер, балалар ойын алаңшалары, ирригациялық арық жүйелері сияқты жерлер қоқыстан тазартылды. Бұдан бөлек, жасыл желектерді арттыру мақсатында көшеттер отырғызылып, ағаш түптері әктелді.
Сонымен қатар, қаланың шет аймақтарына да ерекше көңіл бөлінді. Мұндағы кәсіпкерлік нысандардың айналасындағы заңсыз орналастырылған жарнамалар жойылып, ландшафтты жақсарту жұмыстары жүргізілді. Осындай кең көлемді сенбілік жұмыстарына мыңнан астам адам атсалысты, ал ауыр және арнайы техниканың саны 28 бірлікті құрады.
Аталған сенбілік аясында Түркістан қаласында 10 мың түп жасыл желек көшеті отырғызылып, қала тұрғындарына таза және қолайлы орта сыйлау мақсатын көздеді. Сондай-ақ, шамамен 280 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, қала аумағы айтарлықтай тазарды.
Қала тұрғындарына өз аулалары мен қоғамдық орындарда тазалықты сақтап, туған қаламызды жанашырлықпен қорғауға шақыру жасалды. Тазалыққа мұқият қарап, қоршаған ортаға немқұрайлы қарамай, әр тұрғын қаланың көркеюіне өз үлесін қоса алады. Бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыру арқылы Түркістан қаласының көркейіп, гүлдене түсетініне сенім мол.