Астана, Қазақстан (20 қараша 2024) — Мәжіліс депутаттары «Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарауға алды. Бұл туралы Todayinfo хабарлады.
Келісімге сәйкес, Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға 84,9 млрд йена (269 млрд 292 млн 221 мың 102 теңге) көлемінде қарыз береді. Қарызды өтеу мерзімі — 11 жыл. Бұл қаражат Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қолдауға бағытталады.
«Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», — деді депутат Татьяна Савельева.
Дауыс беру нәтижесінде депутаттар заң жобасын қарауға алды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның шетелдік банктерден 167 млрд теңге қарыз алатыны және Ислам даму банкінің Қазақстанға 1,2 млрд доллар бөлетіні хабарланған болатын.