Қырғызстанда жас жігіт өзіне күйеуге шыққысы келмеген қызды пәтеріне апарып байлап қойған, деп хабарлайды Todayinfo жергілікті ақпарат құралына сілтеме жасап.
Сұмдық жайтты пәтерден әрең қашып шыққан қыздың өзі полицияға баяндаған.
Шу облысы полициясының дерегінше, 2001 жылы туған жігіт қызды көлігіне алдап отырғызып, иесіз мекенге алып кеткен. Сол жерде өзіне тұрмысқа шығуын талап еткен. Қыз келіспеген соң оны пәтеріне әкеліп, жылу батареясына байлап тастаған. Жәбірленуші ер адамның ұйықтап қалған кезін пайдаланып, қолын босатып, қашып шыққан. Қыз дереу полиция бөліміне барған.
Полиция қызметкерлері күдіктінің пәтеріне келгенде ол қашып кеткен. Кейін жігіт Бішкекте ұсталды. Оның үстінен некеге мәжбүрлеу туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.