Әлеуметтік желіде «Қазақ Робин Гуд» ретінде танылған «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев алаяқтық бабымен ұсталды. Бұл ақпаратты алғаш болып заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті, деп хабарлайды Todayinfo.
«Қазақ Робин Гуд – Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды», – деп жазды ол.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл деректі растады. Қазіргі уақытта Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты бөлімде тиісті тергеу амалдары басталды.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, Сариевке қатысты Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен іс қозғалған.
«Жан-жақты әрі объективті тергеуге бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», – делінген ресми мәлімдемеде.
«Елге көмек» қайырымдылық қоры соңғы айларда қоғам назарында жүрген болатын. Әлеуметтік желіде қордың қаржыны мақсатсыз жұмсағаны туралы ақпарат тараған. Журналист Гүлмира Әбіқайға бірнеше азамат хабарласып, алданып қалғандарын жеткізген.
Қор «үй алып бердік» деп есеп бергенімен, кей жағдайларда баспана берілгені жөнінде нақты дәлелдер ұсынылмағаны айтылды. Алайда Ілияс Сариев бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып, өз әрекеттерін қорғап келген.