Алматы облысы, Іргелі ауылында тұратын жас өнерпаз халықаралық деңгейде ел абыройын асқақтатып қайтты. Бельгияда өткен халықаралық баяншылар чемпионатында бірінші орынды иеленген ауыл оқушысы туған жеріне жеңіспен оралды. Жерлестері мен отбасы мүшелері оны шашумен, ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Todayinfo.
Қақпа алдында күтіп тұрған анасына күліп қарап: «Мен бірінші орын алдым, қайда асфальт?!» — деген балақайдың бұл сөзі ел арасында кең таралған ирониялық әзілге айналды.
Ол осылайша 2021 жылы Токио Олимпиадасында алтын медаль иеленген дзюдошы Елдос Сметовке жасалған құрметке ишара білдірді. Естеріңізде болса, Елдос жеңіспен елге оралған соң Жамбыл облысындағы оның туған ауылында жергілікті билік жедел түрде жол салып берген болатын.
Жас баянистің анасы да әзіл-шыны аралас акиматқа өтініш білдірді: «Акимат, бізге де асфальт салыңыздар! Мәдениетті де, спорт сияқты қолдау қажет!» — деді ол.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде кең таралып, жұртшылықтың қолдауына ие болды. Қолданушылар «Кішкентай ауылдан шыққан үлкен жеңіс», «Баян да — біздің мәдени чемпион», «Асфальт керек емес, бастысы — шабыт пен қолдау» деген пікірлер жазып жатыр.