Журналист Арман Әубәкір еліміздегі автонесие жүйесінің тиімсіздігін сынға алды. Оның айтуынша, несиелік шарттар азаматтарды қаржылық қысымға түсіріп, борышкерлікке байлап отыр, деп хабарлайды Todayinfo.
«Осыдан 6 айдай бұрын көлікке несие алғанмын. Несие Bank RBK-дан шықты. 6 ай болды, авто несие жауып жүрмін. Тек пайызы ғана жабылып жатыр. Қарыз көлемі сол қалпы. 3 млн шамасында салып тастадым. Негізінен 15 млн теңге алғанмын. Тағы 1 млн теңге сақтандыру деп қосты. 16 млн теңге несиеге ай сайын 430 мыңдай қаражат саламын. 6 айда негізгі қарыздан 200 мың теңгедей ғана шегеріліпті», – дейді журналист.
Оның пікірінше, банктер ұсынатын 20-27 пайыздық несие мөлшерлемесі халықты қажытып, тығырыққа тіреп жатыр.
«Банктердің несие саясаты өте тиімсіз. Әсіресе, авто несие. Шетелде, мысалы қытайда 1 пайыздық несие бар дегенді естігенде таңдай қағамыз. Елге жағдай жасау деген сол болар. Бизнес те, елдің жағдайы да сонда өркендейді ғой. Ал біздегі мынау 20-27 пайыздық несиемен қалай дамып, өркендеуге болады? Керісінше, кері кетіп қажып кетесіз. Банктердің құлы болу деген сол болар», — деп жазды ол.
Фото: pixabay.com