Бүгін Түркістан қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тағылымы терең, рухани мазмұны бай іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл игі бастама — ел тарихын ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді сіңіру мен қоршаған ортаны қорғау бағытында қолға алынған маңызды жобалардың бірі.
Шара барысында Түркістандағы тарихи маңызы зор «Қаракөз» зиратында Кеңес Одағының Батырлары мен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің, сондай-ақ Ауған соғысы жауынгерлерінің қабірлері тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл әрекет — бір жағынан батырларымыздың есімін ұлықтау болса, екінші жағынан қоршаған ортаның тазалығына мән беру мен азаматтық жауапкершілікке үндейтін өнегелі іс.
Іс-шара Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалынан бастау алған. Зиялы қауым мен қоғам белсенділерінен құралған арнайы экспедиция Түркістанға келіп, «Қаракөз» қорымында Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов пен Ауған соғысының ардагері Абдулхаким Ергешовтің рухына Құран бағыштап, олардың жатқан жерін тазалап, гүл шоқтарын қойды. Бұл — өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар жасаудың көрінісі.
Экспедиция мүшелері бұл бастаманың тек Түркістанмен шектелмейтінін атап өтті. Алдағы күндері Отырар және Ордабасы аудандарында да осындай шаралар жалғасын таппақ. Бұл арқылы барша өңір тұрғындарына туған өлке тарихына бейжай қарамай, батыр бабаларға құрмет көрсетудің үлгісі көрсетілмек.
Ұйымдастырушылар мен қатысушылар барша қазақстандықтарды осы бастамаға қолдау білдіріп, туған жердің тазалығы мен киелі орындардың қадірін арттыруға белсенді атсалысуға шақырады. Елдік пен ерліктің, тазалық пен тағзымның үндестігін паш еткен бұл акция — Ұлы Жеңістің рухын мәңгі есте қалдырудың жарқын үлгісі.