Абай облысының әкімі Берік Уәли отан қорғаушылар күнімен құттықтады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Бүгін – жүрекпен сезініп, тарихпен тамсанатын айрықша сәт. Ел үшін еңкеймеген ерлерді еске алатын, бейбіт күннің бағасын терең сезінетін – Отан қорғаушы күні.
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында «Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянып қалмайтын батыл жандар ғана атқара алады. Сондықтан әскерилер, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлері өскелең ұрпақ пен барша халқымыз үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс, – деп атап өтті.
Еліміздің Қарулы Күштері – бұл тек әскер емес, бұл – елдің еңсесі, ұлттың намысы, тәуелсіздіктің тірегі. Елдік пен ерліктің ұстыны болған Сіздердің қайраттарыңыз, отансүйгіш қасиеттеріңіз – біздің басты мақтанышымыз»,- деді әкім.
Ол өңірде ел ертеңі жас буынға патриоттық тәрбие беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Өңіріміздің білім беру ұйымдарында 234 әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. Бұл клубтарға 5 мыңнан астам өрен қатысып, ерлік пен елдік рухында тәрбиеленуде. 33 мектепте ашылған 59 «Жас сарбаз» сыныбында 900-ден астам оқушы білім алуда»,- деді Берік Уәли.