Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, құқық қорғау және төтенше жағдайлар органдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Күн тәртібінде екі өзекті мәселе қаралды – 2023–2024 оқу жылының қорытындысы және білім беру мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары, сондай-ақ шомылу маусымына дайындық пен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық білім бөлімі басшысы Бақытжан Төлімбет баяндама жасап, қаладағы білім беру ахуалын таныстырды. Биыл Түркістан қаласында 3069 оқушы 11-сыныпты аяқтайды, олардың 2799-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп күтілуде. Ал 270 оқушы өзге бағытты таңдаған, соның ішінде 5 оқушы шетелде білім алуды жоспарлап отыр.
Мектеп бітіру кештері мен басқа да рұқсат етілмеген іс-шаралардың алдын алу мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен Полиция басқармасымен бірлескен рейдтік бақылаулар күшейтілмек. Бұл шара оқушылардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қолға алынуда.
Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде 2452 оқушының лагерлерге бара алмайтыны белгілі болды. Осыған байланысты әкімдік мектеп алаңдарында үйірмелер мен онлайн секциялар ұйымдастыруды ұсынып отыр. Бұл балалардың бос уақытын тиімді өткізуге және жаз мезгілін қауіпсіз әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік береді.
Қала әкімі мектептердегі ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жаз айларында аяқтауды қатаң тапсырды. Бұл жаңа оқу жылына дейін барлық білім ордаларының дайын болуын қамтамасыз ету мақсатында айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Арман Алпысбаев қала аумағындағы шомылу маусымына дайындық және өрт қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Қазіргі таңда қала аумағында шомылуға арналмаған 6 су айдыны бар. Оның ішінде Арыс–Түркістан каналы – ең қауіпті су нысандарының бірі ретінде белгіленген. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында 200 метрлік қорғаныс тростары тартылып, 24 ескерту белгісі орнатылған. Сонымен қатар, рейдтік шаралар мен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Қала әкімі аталған жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды. Ол қала тұрғындарының өмірі мен қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, қала тазалығы, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен қала порталы арқылы келіп түсетін өтініштер мен шағымдарға жедел жауап беруді жауапты тұлғаларға жүктеді.
Мәжіліс соңында Әзімбек Пазылбекұлы әрбір бөлім басшысына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң қадағалайтынын ескертті.