Алматы облысының Талғар ауданында еліміздегі ең ауқымды индустриялық жобалардың бірі — «Қайрат» индустриялық аймағының кеңейтілген құрылысы басталды. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел индустрияландыру, өңірлік өндірістік кластерлерді дамыту және тікелей инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Жоба әлемдегі ең ірі құрылыс корпорацияларының бірі — China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. 177 гектар аумақта 20-дан астам жаңа өндіріс орындарын орналастыру жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл «Қайратты» елімізде мұндай көлемдегі қаржы мен кәсіпорынды бір мезгілде тартуға қол жеткізген бірегей индустриялық аймаққа айналдырып отыр.
Жобаның басты ерекшелігі — ішкі инженерлік инфрақұрылым толықтай инвесторлар есебінен салынады. Ал сыртқы желілерді тарту облыс әкімдігінің міндетіне жатады. Бұл тәсіл мемлекеттік бюджетті айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Біз мамыр айында құрылыс жұмыстарына кірістік. Жоба аясында өндірістік нысандар, логистикалық және қоймалық кешендер, саябақтар, павильондар, дата-орталық, әкімшілік ғимараттар мен қонақүйлер салынады. Құрылысты үш жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Инвестиция көлемі 1 миллиард доллардан асады, ал іске 20 компания тартылған», — деді China Construction компаниясының ресми өкілі Чэнь Сяоюнь.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі — Geely автоконцернінің қатысуымен машина жасау кластерін құру. Автомобиль компоненттері мен тораптарын жергілікті жерде өндіру жоспарланған. Бұл Қазақстандағы автокөлік өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді.
«Қайрат» жобасы — Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық мақсаттарға толық сәйкес келеді. Біз заманауи индустриялық платформа қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортты арттырып, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудеміз. 1 миллиард долларлық инвестиция — жүйелі жұмыстың және халықаралық әріптестердің сенімінің нәтижесі», — деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Бүгінде «Қайрат» индустриялық аймағында бірнеше кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр:
- ТехноНИКОЛЬ Орталық Азия – жылу оқшаулағыш материалдар өндіреді;
- Safa Industrial – құйма өнімдер шығарады;
- QazMetProduct – метиз өнімдерін өндіреді;
- SUNLONG – тау-кен саласына арналған компоненттер жасайды;
- Hong Shun – сұйық шыны шығарады.
Жалпы инвестиция көлемі 146,7 млрд теңгеден асып, 3600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.
«Қайрат» — бұл жай ғана өндірістік алаң емес, толыққанды индустриялық экожүйе. Біз инвесторлар үшін жобаларды жедел іске асыруға барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әкімшілік кедергілерді азайтып, жан-жақты қолдау көрсетеміз», — деді Индустриялық аймақтың басшысы Ербол Шокаев.
Жоба Алматы облысындағы жалпы көлемі 1786,7 гектарды құрайтын алты индустриялық аймақты дамыту бағдарламасы аясында іске асып жатыр. Сонымен қатар, 96,6 мың гектар аумақта орналасқан «Алатау» арнайы экономикалық аймағын дамыту жалғасуда. Мұнда 3,7 трлн теңге инвестиция тартылып, 34 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.