Бүгін Абай облысының орталығы Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер – елінің қорғаны» атты салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мерекелік шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли арнайы қатысып, өңір жұртшылығын қос бірдей тарихи маңызы бар мерекемен құттықтады. Сөз сөйлеу барысында аймақ басшысы елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген барлық әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне алғысын білдірді.
«Бұл қос мереке – халқымыздың қайсар рухын, елге деген сүйіспеншілігін және Тәуелсіздікті қорғаудағы табандылығын айғақтайтын тарихи маңызы зор күндер. Ұлы Отан соғысы жылдарында Абай өлкесінен 106 мыңнан астам азамат майданға аттанып, ерлік көрсетті. Ал тылдағы халықтың жанкешті еңбегі ел тарихында алтын әріппен жазылды. Бұл – шексіз патриотизм мен ұлтқа деген адалдықтың жарқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ел қауіпсіздігін сақтау – батырлық пен биік жауапкершілікті қажет ететін абыройлы міндет. Осы жолда Сіздердің үлгілеріңіз – барша ұрпақ үшін темірқазық», – деді облыс әкімі өз құттықтауында.
Салтанатты жиын барысында театрландырылған көріністер, патриоттық мазмұндағы би қойылымдары және әндер ұсынылды. Кеш қонақтарына Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Сүндет Байғожин, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі, «Аламан» вокалды тобы, «ContraSSt» би театры, «Дариға-ай» жастар театрының әртістері, сондай-ақ танымал әншілер Ибрагим Ескендір мен Мапруза Өтеуленова өз өнерлерін паш етті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдегі әскери-патриоттық тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Абай облысының білім беру ұйымдарында 234 әскери-патриоттық клуб жұмыс істеп, 5 мыңнан астам жас жеткіншек ерлік пен елдік рухында тәрбиеленіп келеді. Сонымен қатар, 33 мектепте құрылған 59 «Жас сарбаз» сыныбында 900-ден астам оқушы білім алуда.
Шара соңында қатысушылар ардагерлерге және қазіргі буын әскери қызметкерлерге құрмет көрсетіп, ел бірлігі мен тұтастығы жолында қызмет етудің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті.