Абылай Мырзахметовке қатысты сот жабық режимде өтеді. Істі қарап жатқан судья Айжан Құлбаева прокурордың өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі сот залынан.
2024 жылдың 22 қаңтарында Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты басты сот талқылауы басталды.
Абылай Мырзахметовке қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 4-бөлігі (пара беруге көндіру), 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша айып тағылған.
Бұған дейін сот залында фото-видео түсіруге тыйым салынды.
Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істі жабық режимде өткізуді сұраған еді.
Тараптар прокурордың өтінішхатына қарсылық білдірмеді.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абылай Мырзахметовті 2023 жылдың 11 мамырында ұстады. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінген болатын.
Содан кейін 2018-2019 жылдар аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаев делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам қаражат алды деп айыпталды. Ол сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Todayinfo.kz