Әйелдердегі АПВ (адам папилломавирусы) – бұл шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын кең таралған инфекция. Ол ұзақ уақыт бойы жасырын түрде ағзада «өмір сүруімен» қауіпті. Патологияның белгілері иммунитеттің төмендеуімен ғана байқалады, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат порталы.
Қатерлі ісік қаупі жоғары адам папилломавирусы жатыр мойны обырының дамуының негізгі этиологиялық факторы болып табылады. 97% — да жатыр мойны обыры осы вируспен байланысты. Созылмалы вирус белгілі бір жағдайларда жатыр мойны обырының дамуына әкелуі мүмкін.
«Жатыр мойны обыры дамыған елдердегі әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі болып табылады. Жыл сайын дүние жүзінде жатыр мойны обырының (ЖМО) 600 000-нан астам жаңа жағдайлары анықталады және 300 000-нан астам әйел осы аурудан қайтыс болады. Қазақстанда жылына жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы тіркеліп, жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады. Соңғы 20 жылда республикамызда жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші 26 %-ға өсті. Жетісу облысында бүгінде жатыр мойны обырымен 557 әйел есепте тұр»,- деп атап өтті Жетісу облысы СЭБД басшысы А.Чарапиев.
Қазақстанда жатыр мойны обыры (ЖМО) барлық жастағы әйелдер арасында обырдың түрлерінің таралуы бойынша сүт безі обырынан кейінгі екінші орында және фертильді жастағы (25-44 жас) әйелдердің өлімі себебінің жилігі бойынша сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.
Бүгінгі таңда папиллома вирусын жұқтырудың және жатыр мойны обырының дамуының алдын алудың жалғыз әдісі-вакцинация. Сондықтан адам папиллома вирусына қарсы вакцина алу өте маңызды. Қазақстанда 2024 жылдың күзінен бастап Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, ата-анасынан немесе қамқоршыларынан рұқсат алынғаннан кейін 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы ерікті вакцинациялау жүргізілуде.
Бүгінгі күнге Жетісу облысында облыста 3551 қыз балаға иммундау жүргізілді. Вакцинацияның толық курсы – алты айлық аралықпен екі доза. Сонымен қатар 12-13 жастағы қыз балаларға толықтыра вакцинациялау жүргізілуде.
Жүргізілген зерттеулер вакцинаның қорғанышы ұзақ мерзімді екенін көрсетті. Зерттеулер нәтижесінде вакцинаны енгізгеннен кейін 10 жыл ішінде вакциналардың иммуногенділігі төмендемегені дәлелденді.
АПВ-ға қарсы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ, иммунитетті белсендіретін және ешқандай ауру тудырмайтын вирустың жеке ақуыздары қолданылады.
Вакцинация үшін қолданылатын АПВ-ға қарсы төрт валентті «Гардасил» вакцинасын ДДҰ ұсынған және сертификаттаған, ол қауіпсіз және тиімді, сараптаманың барлық сатыларынан және Қазақстанда тіркеуден өткен. АПВ-ға қарсы вакцина аурудың себебі АПВ болып табылатын жатыр мойны обырынан және басқа да онкологиялық аурулардан қорғайды.