Қазақстанда «Бессмертный полк» акциясына ақшаға қатысу туралы шақырған хабарламалар пайда болды. Бұл туралы Todayinfo «Уральская неделя» газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Акцияға қатысқаны үшін сағатына 1000 рубль төленетіні жазылған
Аталған хабарламаларды Telegram желісінде «gennadiikresl» атты пайдаланушы таратқаны анықталды. Аккаунт ресейлік байланыс операторының нөміріне тіркелген және уақытша пошта қызметін (bizml.ru) пайдаланған. Бұл деректер нағыз жеке басын жасыруға тырысқанын көрсетеді.
Ақпараттық зерттеу барысында Telegram пайдаланушысының Ресей азаматы екені, Омбы қаласында тұратыны белгілі болды. Ол арқылы төлемдерді ұйымдастырушы – Андрей Соколов есімді ресейлік. Соколов 2024 жылы бірнеше рет Қазақстанға келген және жергілікті банктерден 55 есепшот ашқаны тіркелген. Бұл дерек оның делдалдық қызметін атқарғанын растайды.
Соколовпен байланыста болған тағы бір тұлға – Алексей Шубин. Ол «Алексей Уз и Кз» деген атпен Telegram желісінде белгілі. Оның атына тіркелген нөмірлер де Қазақстандағы байланыс операторларына тиесілі. Сонымен қатар, Шубин мен Соколовпен бірге Қазақстан шекарасын бірге кесіп өткен Алёна Забродина есімді ресейлік азаматша анықталды.
Алёна Забродина Telegram-да «Алёна Уз» деген атпен тіркелген және Қазақстанда белсенді әрекет еткен. Барлық көрсетілген тұлғалардың бір-бірімен байланысы анықталып, олардың Қазақстан аумағында үйлестірілген ақпараттық науқан ұйымдастырғаны туралы күдік туындады.