Тележүргізуші Асхат Садырбай Руслан Өтепбайға берген сұхбатында әнші Ерке Есмаханмен болған қарым-қатынасы жайлы айтып, оған артылған айыптауларды жоққа шығарды, деп Тodayinfo ақпараттық порталы.
Белгілі әнші Ерке Есмахан мен тележурналист Асхат Садырбай арасындағы өткен оқиғалар қайтадан талқыға түсті. Ерке Есмахан берген сұхбаттарының бірінде некеде болған кезде көрген қиындықтарын бөліскен еді.
Ерке Есмахан өзінің жүктілігі кезінде Асхат Садырбай оған қол көтергенін айтқан.
Асхат Садырбай бұл айыптауларды жоққа шығарып, өзінің көзқарасын білдірді.
«Жоқ, ұрған жоқпын. Бұл ұзақ әңгіме, оған тоқталғым келмейді. Оның отбасы бар, сондықтан ол туралы айтқым келмейді. Ажырасуымыздың себебі қол көтеру емес. Бала өмірге келген соң, бөлек кетуді шештік. Мен оған тек бақыт тілеймін», – деді ол.
Ерке Есмахан Асхат Садырбай ажырасқан кезде оған сыйлаған барлық алтын бұйымдарын алып кеткенін айтқан болатын.
«Маған ұсыныс жасаған кездегі сақинасын, туған күніме сыйлаған сақина, алқаларын жинап алып кетті. Ол көңілімді солай суытты», – деді әнші.
Асхат Садырбай бұл мәлімдемені де теріске шығарды.
«Әйел эмоциямен айтады ғой. Неке жүзікті ажырасу кезінде Ерке лақтырып жіберді. Мен оны тағы қосылармыз деген үмітпен алып кеткенмін. Басқа алтын бұйымдарды алмадым», – деді ол.
Асхат Садырбай қазіргі уақытта Ерке Есмаханмен жақсы қарым-қатынаста екенін айтты.
«Ерке екеуміздің арамызда реніш-өкпе жоқ, сәлеміміз түзу. Қайғыда, қуанышта бір-бірімізді құттықтап тұрамыз. Қазір оның өз отбасы бар, сондықтан ол туралы айтудың маңызы жоқ деп ойлаймын», – деді журналист.