Әйел құқықтары мәселесі – діни құндылықтар мен қазіргі заманғы гендерлік теңдік қағидаттарының тоғысында тұрған күрделі тақырып. Бұл мәселе, әсіресе, мәдени болмысы ислам өркениетімен тығыз байланысты елдерде өткір талқыланады. Біз бүгін киім кию еркіндігінен бастап, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге араласуы және отбасы заңнамасындағы теңдік мәселелері зайырлы мемлекеттер тәжірибесі негізінде туындап отырған мәселелер туралы сөз қөзғап көрейік. Негізгі мақсат – жеке бостандық, діни-мәдени бірегейлік және заманауи құқықтық нормалардың үйлесімін талдау.
Киім еркіндігі: жеке таңдау мен қоғамдық пікір
Орамал (хиджаб) тағу мәселесі көптеген қоғамда әйелдің жеке таңдауы мен қоғамдық тәртіп арасындағы пікірталас ретінде көрініс табады. Бір топ оны жеке бас бостандығы мен діни сенімнің көрінісі десе, екінші топ оны зайырлы кеңістікке жат деп санайды.
Қазақстан сияқты зайырлы мемлекеттерде білім беру мекемелерінде бірыңғай форма талабы қойылады. Бұл кейде орамал тағатын оқушылар мен олардың ата-аналарының қарсылығын тудырады. Билік мұндай шектеулерді оқу орындарының діни бейтараптығын және ұлттық бірегейлікті сақтау қажеттілігімен түсіндіреді. Бұл жерде мемлекеттік ұстанымы дұрыс ұстаным деп есептейміз.
Бұл мәселенің екі қыры бар. Бір жағынан, Франция сияқты елдерде зайырлылық принципіне сәйкес мемлекеттік мекемелерде діни символдарға тыйым салынған. Екінші жағынан, Иран сияқты елдерде киім үлгісі заңмен міндеттеледі, бұл әйелдердің жаппай наразылығына себеп болды. 2022 жылғы Ирандағы «Әйел, өмір, бостандық» ұранымен өткен шерулер мәжбүрлеуге қарсылықтың айқын мысалы болды. Осылайша, әртүрлі қоғамда әйелдер бір жерде орамал тағу құқығы үшін күрессе, басқа жерде оны тақпау еркіндігі үшін күреседі. Екі жағдайда да негізгі мәселе – әйелдің өз таңдауын жасай алу құқығы.
Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуы
Діни—дәстүрлі көзқарастар тарихи тұрғыдан әйелдердің қоғамдағы рөлін шектегенімен, қазіргі таңда көптеген елде гендерлік теңдікке ұмтылыс байқалады. Бүгінде мұсылман халқы басым елдерден шыққан әйелдер саясат, ғылым, құқық қорғау салаларында үлкен жетістіктерге жетуде.
Мысалы, Пәкістанда Беназир Бхутто, Бангладеште Шейх Хасина, Түркияда Тансу Чиллер премьер-министр қызметтерін атқарды. Бұл әйелдердің мемлекеттік басқару ісіне араласуына ешқандай кедергі жоқ екенін көрсетеді.
Құқық қорғау саласында пәкістандық Малала Юсуфзай мен йемендік Тауаккул Карман Нобель бейбітшілік сыйлығын иеленіп, әлемдік деңгейде танылды. Сонымен қатар Тунис (31,3%) және Алжир (31,6%) сияқты елдердің парламенттеріндегі әйел депутаттардың үлесі әлемдік орташа көрсеткішке жақындады. Бұл үрдіс әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының қалыпты құбылысқа айналып келе жатқанын білдіреді.
Отбасы құқығы және гендерлік теңдік
Отбасы құқығы саласындағы ең үлкен өзгерістер неке, ажырасу және мұрагерлікке қатысты заңнамада орын алуда. Діни қағидаттарға негізделген құқықтық жүйелерде ер адамның мұрагерліктегі үлесі көп болып, көп әйел алуға және некені біржақты бұзуға мүмкіндігі болған.
Алайда, көптеген заманауи мемлекеттер бұл нормаларды гендерлік теңдікке сәйкестендірді.
- Түркия 1926 жылы Швейцарияның Азаматтық кодексін қабылдап, көп әйел алуға толық тыйым салды және ерлер мен әйелдерге ажырасуда тең құқықтар берді.
- Тунис 1956 жылы полигамияны қылмыс деп танып, ажырасуды тек сот арқылы жүзеге асыруды заңдастырды.
- Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінің зайырлы заңнамасы бойынша мұрагерлікте ерлер мен әйелдер тең құқылы. Яғни, қыз бала мен ұл бала заң алдында бірдей мұра алады.
Бұл реформалар көптеген мұсылман халқы бар елдердің отбасылық құқықты халықаралық адам құқықтары стандарттарына сәйкестендіруге ұмтылып жатқанын көрсетеді.
Бүгінгі таңда мұсылман әлемінде әйелдердің құқықтарын кеңейту үрдісі байқалады. Зайырлы мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, діни сенім бостандығы мен мәдени құндылықтарды құрметтей отырып, гендерлік теңдікті заңмен бекітуге болады. Бұл процесте кейбір қайшылықтар (мысалы, мектептегі киім үлгісі) туындағанымен, жалпы бағыт – әйелдердің білім алу, еңбек ету және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін шектемейді, керісінше арттырады, мүмкіндік береді.
Негізгі мақсат – әйелдің жеке таңдау құқығы мен бостандығын қорғайтын, ерлер мен әйелдер заң алдында тең болатын әділетті қоғам қалыптастыру. Бұл – кез келген өркениетті мемлекеттің даму кепілі.