Фотоколлаж: Todayinfo
Астанада автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылып, мүгедек болып қалған 8 жасар қыздың отбасына пәтер беріледі. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Көмек жағына тоқталсақ, сақтандыру көлемі 20 миллион теңгенің маңайында және әкімшілік қазір 10 млн теңге берді. Қосымша тағы 10 миллион теңге береміз деп жоспарлап отырмыз және баспана мәселесін шешіп береміз. Мұны сіздерге ресми түрде айтып отырмын. Баспана мәселесі осы жерде шешіледі», — деді Қасымбек Ақорда кулуарында.
Қала әкімінің айтуынша, автобус жүргізушісінің жұмыс тәжірибесі мол, ал қоғамдық көлік жаңа болған. Кінәлілерді тергеу анықтайды.
Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Есерсоқ жүргізушінің кесірінен 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала қос аяғынан айырылды.