Әзербайжанның Шемкирчай су қоймасында жас жігіт пен қыз суға кетіп, қайтыс болды. Қыздың денесі табылмаған, деп хабарлайды Todayinfo сайты Milli.az порталына сілтеме жасап.
2004 және 2005 жылы туған екі жас — Үмид Ибрагимов пен Әлия Гасенова суға шомылып жүріп ажал құшқан. Жастар көңіл жарастырған ғашықтар екен.
Қайғылы оқиға демалыс кезінде болған. Су қоймасында шомылып жүрген Әлия кенеттен суға бата бастайды. Сол сәтте Үмид еш ойланбастан оны құтқаруға ұмтылады. Алайда өкінішке орай, ол да суға батып кеткен.
Олармен бірге жүрген Үмидтің досы — Фазиль Гасенов шұғыл түрде төтенше жағдайлар қызметіне хабар берген. Құтқарушылар дереу іздестіру жұмыстарын бастап, алдымен Үмид Ибрагимовтың денесін судан алып шыққан. Қазіргі уақытта Әлия Гасенованы іздеу жалғасуда.
Аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Екі жастың тағдырын жалмаған бұл трагедия әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Қоғам белсенділері мен қарапайым азаматтар су қоймаларындағы қауіпсіздік шараларын қайта қарау қажеттігін айтып жатыр.