Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізу туралы бейнематериалдарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Todayinfo.
«Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе заң бойынша келу талабын уақытылы орындамауы сияқты қиындықтар туындайды. Бұл көбіне азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе жаңа мекенжайға тіркелмеуімен байланысты.
Егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Рейдтер кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді, бұл олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне себеп болады.
Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді,- деді министрліктен.
Ведомство мерзімді әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Осыған байланысты, азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырды.
Фото:gov.kz