Фото: Facebook/ Айбар Олжай
Экономист әрі қаржылық сарапшы Айбар Олжай «7-20-25» бағдарламасына қатысты соңғы өзгерістер мен коммерциялық ипотеканың қазіргі жағдайы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, «7-20-25» ипотекасының жаңартылған шарттары халық арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Қазан айының басынан бастап бағдарлама шеңберіндегі тұрғын үйдің шекті құны өсті:
Астана, Алматы, Атырау, Ақтау мен Шымкент қалаларында — 30 миллион теңге, Қарағандыда — 25 миллион, ал өзге өңірлерде — 20 миллион теңге.
Бұл өзгерістер азаматтарға тек бір бөлмелі емес, 2-3 бөлмелі пәтер сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.
— Бұл бағдарлама экономикаға зиян келтірмейді, керісінше, қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын шамамен 100 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Инфляцияға әсері жоқ, — дейді Олжай.
Дегенмен, ол биыл берілетін ипотека саны азаюы мүмкін екенін айтады. Себебі, тұрғын үй бағасының шекті сомасы өскендіктен, берілетін кредит көлемі артпақ. Орташа есеппен бір несие көлемі 16,9 миллионнан 19,2 миллион теңгеге дейін өседі.
Экономисттің сөзінше, қазір базалық мөлшерлеме 18 пайыз болып тұр. Сондықтан банктер үшін нарықтық жағдайда 17 пайыздан төмен пайызбен кредит беру тиімсіз.
— Қазір банкке коммерциялық ипотеканы 17 пайыздан төмен берудің еш логикасы жоқ. Себебі, сол кірісті олар Ұлттық банк депозитіне салып-ақ таба алады. Ал клиентке несие беру – қосымша шығын мен тәуекел. Осы себепті 16 күннен кейін коммерциялық ипотека уақытша тоқтауы мүмкін, — дейді сарапшы.
Алайда Олжай бұл құбылыс уақытша екенін айтады.
— Базалық ставка мәңгі 18 пайыз болып тұрмайды. Ол төмендей бастағанда, банктер қайта ипотека нарығына оралады. Сол кезде кейбірі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қосылуға мүдделі болуы мүмкін, — дейді ол.
Сарапшы қазіргі жағдайда азаматтарға 20 пайыздан жоғары мөлшерлемесі бар ипотекалардан бас тартуға кеңес берді.
— Мұндай несие ең қымбат өнімнің бірі. Аннуитеттік жүйемен оны өтеп біту өте қиын. Сондықтан дәл қазір үй алу – дұрыс шешім емес. Үй бағасы әлі тұрақталған жоқ, ал НДС төңірегіндегі дүрбелең бағаны жасанды түрде көтеріп отыр, — деп ескертті Олжай.
Оның пікірінше, қазіргі жағдайда ақшаны ең тиімді сақтау жолы – теңгелік депозит.
— Қазір кредиттің емес, депозиттің заманы. Жылына 20 пайыз табыстылық беретін мұндай мүмкіндік жиі келмейді. Егер барлығымыз артық ақшаны депозитте ұстап, несие алуды азайтсақ, инфляция төмендеп, 8-9 пайызға түсер еді. Сол кезде ипотека да 9–11 пайыз деңгейінде қолжетімді болмақ. Ең бастысы — асықпаңыздар, — деп түйіндеді Айбар Олжай.