Азаматтық авиация комитеті қазақстандықтарға әуе көлігін таңдау кезінде қауіпсіздіктің негізгі аспектілерін қарастыруды ескертті.
Еске сала кетсек, 25 шілдеде Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылы маңында Алакөл көлінде дельтаплан аударылып, салдарынан екі адам зардап шеккен болатын.
Комитет мәліметінше, бұл әуе кемесі азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген әрі тиісінше ұшуға жарамдылығы сертификаты болмаған. Сондай-ақ, ұшқыштың авиация персоналының қолданыстағы куәлігі жоқ болып шықты. Әуе кемесінің құлау себептерін тергеумен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
Әлеуметтік желіде әуе сапарларын жарнамалау жағдайлары жиілегеніне байланысты Комитет қазақстандықтарға үндеу жариялап, әуе көлігін таңдау кезінде қауіпсіздіктің негізгі аспектілерін ескеру қажеттігін атап өтті:
-
- әуе кемесінің иесінің уәкілетті органдар берген барлық қажетті лицензиялары мен сертификаттары бар екеніне көз жеткізіңіз;
- әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету қашан жүргізілгенін біліңіз;
- ұшқыштың тәжірибесі мен біліктілігі туралы біліңіз. Оның әуе кемесінің белгілі бір түрін басқару үшін жеткілікті тәжірибесі болуы қажет;
- әуе кемесінің иесі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, соның ішінде жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандырғанына көз жеткізіңіз;
- ұшу алдында қауіпсіздік бойынша нұсқама мен көрсетілім өткізілуі тиіс. Бұл сізге төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуге көмектеседі;
- барлық апаттық-құтқару жабдықтары (мысалы, құтқару кеудешелері) жарамды күйде екендігіне көз жеткізіңіз;
- ұшу алдында ауа-райының ұшу үшін қауіпсіз екендігіне көз жеткізіңіз. Қолайсыз ауа-райында ұшудан аулақ болыңыз.