Пилоттық жоба ретінде алғаш рет енгізілген «Alaqan Mektep» жобасы ата-аналарға балаларының мектепке кешікпеуін, асханадан тамақтануын және кітапханадан алған кітаптары жайлы ақпараттарды қашықтықтан алуға мүмкіндік береді. Осы орайда Түркістандағы оқу орындарының бірінде «Алақан мектеп» жобасы енгізілді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Түркістан қаласындағы №28 мектеп лицейдің асханасында «алақан» жүйесі енгізілді. Оқушылар түскі ас кезінде қуырылған картоп пен салат, әрі жемістер мен тәтті сусын ішеді. Бірақ дастарханға отырмас бұрын оқушы «алақан» жүйесіне қол қоюы тиіс. Осылайша ата-ана баласының қайда жүргенін, қандай тамақ ішкенін біліп отырады.
Жаңа жобаның ерекшелігі – оқушы алақанының бағдарламаға енгізілуінде. Бұл арқылы оның тамақ ішкен-ішпегені ғана бақыланбайды. Аталғаннан бөлек, бала мектепке келіп, турникетке қолын қойғанда есік ашылады. Ал бұл сәтте ата-анаға «балаңыз мектепке кірді» деген хабарлама келеді. Сабақтан соң мектептен шыққан кезде де жағдай солай.
«Кей кездері балалар буфеттен тамақ жейді. Соған байланысты олар өзінің қалауын алған жағдайда, «алақанмен» төлей алады. Ата-ана қандай тамақ ішкенін біліп отырады. Өте тиімді болғандықтан, жобаны енгіздік», – деді №28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Нысанқұлова.
Түркістан өңірінде мыңға жуық мектеп бар. 200 мыңнан астам бала бастауыш сыныпта оқиды. Өңірде 4 сыныпқа дейінгі оқушылардың ыстық тамақпен қамтылғанын ескерсек, мамандар «жаңа жүйе ел қаржысын үнемдейді» деп нық сеніммен айтып отыр. Себебі мектеп асханалары тамақты «Алақан» құрылғысына белгіленген әр балаға есептеп әзірлейтін көрінеді.
«Бастауыш сыныптардағы 220 мыңнан астам бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 63 мыңнан астам оқушы – аз қамтылған отбасының баласы. Тамаққа бөлінетін қаржы балалардың жас ерекшелігіне қарай белгіленген», – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
«Алақан» жобасы пилоттық режимде ғана жұмыс істеп тұр. Әзірге бағдарламаға бір мектеп қосылған. Егер жоспар сәтті жүзеге асса, келесі жылдан бастап өзге де білім ордалары «Алақанның» шапағатын көрмек.
Айта кетейік, облыс орталығы Түркістан қаласында бес мыңнан астам мұғалім болса, олардың 1039-ы жоғары санатты ұстаздар саналады. Түркістан қаласында 2023-2024 оқу жылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған білім мекемелерінің есебінен мектептер мен балабақшалар санында едәуір өсім болды. Нәтижесінде қазіргі таңда мектептердің саны 78-ге жетті. Олардың ішінде 34 мемлекеттік мектеп болса, жеке мектептердің саны 44 болып отыр. Қазіргі таңда мектептерде 52 596 оқушы оқу жылын бастаса, олардың ішінде 40 168 оқушы мемлекеттік мектептерде, 12 428 оқушы жеке мектептерде білім алды. Ал, 21 мемлекеттік балабақшада 3 709 бала, 123 жеке балабақшаларда 13 079 бала (жалпы 16 788 бала) тәрбиеленуде. Сонымен қатар, 6 мектептен тыс мекемеде 3741 бала түрлі үйірмелерге қатысуда. Ал, 2023-2024 оқу жылында 5 181 мұғалім еңбек етсе, олардың ішінде 4 515 мұғалім мемлекеттік мектептерде, 666 мұғалім жеке мектептерде еңбек етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 1288 бала алғашқы білім мен тәрбие алып келеді.