Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің қолданылу аясы және ел ішіндегі бірлік мәселесіне тоқталып, қоғамда араздық пен алауыздық туғызатын кез келген әрекетке заңдық баға берілетінін мәлімдеді,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы биыл ҰБТ тапсыратын түлектердің 80%-ы қазақ тілін таңдағанын, сондай-ақ алғаш рет мектепке баратын балалардың 70%-дан астамы қазақша оқуға ниетті екенін атап өтті.
«Ешкім ешкімді немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды “мына тілде сөйле” деп мәжбүрлеуге тиіс емес. Тіл мәселесін желеу етіп қоғамда алауыздық тудыру – бұл заңмен қудаланатын әрекет», – деді Тоқаев.
Ол сондай-ақ шетелде отырып, үшінші тараптың тапсырмасымен арандатушылықпен айналысатындарға да заң аясында шара қолданылатынын атап өтті.
Президент бірлік, тәуелсіздік, келісім және отаншылдық – еліміздің негізгі құндылықтары екенін айтып, оларға қарсы әрекет етушілер қатаң заңмен жазаланатынын мәлім етті.
«Ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заң алдында жауап береді. Ал елге қызмет етіп, ынтымақты нығайтқандар – әрдайым құрметке лайық», – деді мемлекет басшысы.