Алдағы 3 жылда елімізде жылжымайтын мүлік бағасы біршама қымбаттайды. Мұндай пікірді Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко айтты, деп хабарлайды Todayinfo Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта баспана нарығында өсім де, құлдырау да байқалмайды.
«2024 жылдың қаңтарында жасалған мәміле саны 37 713 болса, өткен жылдың желтоқсанында 37 818 болған еді. Яғни, өсім де, құлдырау да байқалып отырған жоқ. Жалпы, жыл ішіндегі баға қорытындысы мынадай: жаңадан салынған баспана құны 2,9 пайызға қымбаттап, қайталама нарықтағы баға 4,4 пайызға төмендеді», — деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Осы орайда сарапшы қаңтардағы инфляцияның ресми деңгейі 0,8 пайызды құраса, ақшаның жылдық мәнде құнсыздануы 9,5 пайызға жеткенін айтады.
«Осыдан-ақ шаршы метр бағасының төмендеу тренді жалғасып жатқаны жайлы қорытынды шығаруға болады. Мұның үстіне активтерді әртараптандыру және инвестициялау мақсатында жылжымайтын мүлік сатып алу үшін қазіргі сәт өте қолайлы. Жағдайға қатысты өз көзқарасымды білдірсем, алдағы 3 жылда жылжымайтын мүлік бағасының айтарлықтай өскенін көреміз», — деді Нина Лукьяненко.
Todayinfo.kz