Белгілі әнші, төрт баланың анасы әрі құдағи атанған Индира Расылхан әлеуметтік желіде жүрекжарды жазбасымен бөлісіп, ғашық болып қалғанын көпшілікке жария етті. Ол өзінің 47 жасында алғаш рет шынайы махаббатты сезінгенін айтып, оқырмандарынан қолдау сұрады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Алланың қалауы мен жазмышымен мен ғашық болып қалдым. Бұл сезімді өмірімде бірінші рет сезініп тұрмын. Мұндай жеңілдік пен жүрек тыныштығын бұрын-соңды бастан кешірмеген едім», – деп жазды әнші Instagram парақшасында.
Индира Расылхан өзінің жасына байланысты бұл сезімді қабылдай алмай, тыңдармандарынан кеңес сұрағанын да жасырмады. Желі қолданушыларының қолдауы оны шабыттандырған.
«Сіздерден «Менің жасымда ғашық болу қалыпты ма?» деп сұрадым. Бәріңіз бақытты болуымды тілеп, жылы тілектер жолдадыңыздар. Бұл мені одан әрі қуантты. Аллаға сансыз шүкір», – дейді ол.
Әнші махаббатты өміріндегі ең үлкен сыйлықтардың бірі ретінде бағалап отыр. Ол бұл сезімнің Алладан келген ерекше нығмет екенін атап өтті.
«Аллаға шүкір, дәл осы жасымда осындай махаббатты жүрегіме салып, мені сол адаммен қауыштырғанына шексіз ризамын. Менің жасым, ана ретіндегі жағдайым немесе әлеуметтік мәртебем – бұл сезімге кедергі емес», – деді Индира.
Жазбасының соңында әнші көпшілікті қызықтырып, ғашық болған адамының кім екенін келесі күні жария ететінін жеткізді.
«Ертең кім екендігін айтам. Ыждите!» – деп аяқтады ол.