Алматы облысында 1000 түйеден құралған ерекше керуен Гиннес рекордтар кітабына ресми түрде енді. Бұл туралы өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев хабарлады, деп жазады Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Әкімнің айтуынша, бірер апта бұрын Іле ауданында өткен ауқымды шара – әлемдегі ең ұзын түйе керуенін қалыптастыру бастамасы өз нәтижесін беріп, Гиннес рекорды ретінде тіркелді.
Бұл жоба Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және «Дәулет-Бекет» ЖШС басшысы Сыдық Дәулетовтің бастамасымен жүзеге асқан. Бүгін Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг арнайы келіп, рекорд орнатылғанын растайтын сертификатты табыстады.
Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, мұндай жетістік халқымыздың ата кәсібін дәріптеп, ұлттық дәстүрімізді әлемге танытудың айқын үлгісі саналады.
«Ақши ауылының тұрғындары мен шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Бұл тек бір ауылдың емес, тұтас еліміздің абыройын асырған тарихи оқиға болды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, келер ұрпаққа өнеге болатын игі бастамаларымыз жалғасын таба берсін», – деді облыс әкімі.
Фото: Алматы облысы әкімдігі