Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа инфрақұрылымдық жобалар, туризм және өнеркәсіптік кешенді дамыту жайлы Todayinfo.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтып берді. Облыс басшысы ірі қалаларды дамыту жоспарымен де бөлісті.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, облыстағы қалаларда демалыс орындары, стадиондар да болуы қажет. Сондықтан Қонаев қаласында абаттандыру және құрылыс жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі.
«Ал Алатау қаласына келсек, бұл — халықаралық жоба. Алматы қаласында халық саны артып келеді, көп адам саяжайларда тұрып жатыр. Сондықтан бізге қосымша мүмкіндіктер қарастыру қажет. Қазіргі жастардың көбі Алматы мен Астанада өмір сүруді армандайды. Сол себепті біз оларға жаңа арман мен жаңа мүмкіндіктер сыйлауымыз керек. Жоба халықаралық болғандықтан, оның бүкіл аумағы арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленген. Бұл шетелдік инвесторларды тартуға және сол жерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазір әлемдік тәжірибеде мұндай жобалар жиі кездеседі- егер шетелдік компанияларға қолайлы жағдай жасалса, олар тиімді жұмыс істейді. Алатау қаласы да осындай форматта дамуы мүмкін», — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ әкім Райымбек ауданы -Қытаймен шекаралас аймақта да бұл басымдық ескерілетінін айтты.
«Ол жақта табиғат өте көркем, туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қалжат-Дулат шекара бекеті жаңартылып, өткізу мүмкіндігі үш есе артты. Әріптестеріміз бұл бағытты толықтай реттеп алған соң, келесі қадамдарды талқылаймыз деп отыр. Нақты айтқанда, Райымбек ауданы, әсіресе Нарынқол аумағында шекара ашу туралы шешім әзірге қабылданған жоқ. Бірақ бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бұл — үлкен мүмкіндік. Біз туристер үшін шекараны маусымдық болса да ашуды ұсынғанбыз. Себебі табиғаты көркем аймақтарға туристердің қызығушылығы жоғары», — деп бөлісті Марат Сұлтанғазиев.
Оған қоса облыста өнеркәсіптік кешен де қарқынды дамып келеді. Алматы облысының әкімі атағандай, қазіргі таңда Алматы облысында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
«Солардың бірі — PepsiCo компаниясының картоп өңдеу зауыты. Бұл кәсіпорында чипсы, Lay’s өнімдері шығарылады. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, биыл іске қосылуы жоспарланған.Сонымен қатар, құрылыс материалдары өндірісіне бағытталған бірнеше зауыт ашылды. Темекі өндірісі саласында KT&G (Корея) компаниясының зауыты іске қосылды. Бұған дейін Қазақстан нарығында Philip Morris пен JTI компаниялары жұмыс істеп келсе, енді жаңа зауыт стик түріндегі өнім шығаруды бастады. Бұл жоба облыс үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды, өйткені темекі өнімдерінің өндірісі толығымен Алматы облысына шоғырланып отыр.Облыста ірі логистикалық жобалар да жүзеге асуда. Azon, Apple City сияқты алпауыт логистикалық орталықтар құрылысы аяқталып, жұмысын бастап кетті. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа нысандар қосылып жатыр, бұл аймақтың экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде», — дейді ол.
Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласына инфрақұрылым салу үшін бірнеше триллион теңге қажет екенін айтты. Алайда бұл қаржы кейін инвестиция ретінде қайтарылады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыруда облыс пен Үкімет бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
«Қазіргі таңда бес-алты негізгі нүкте белгіленді. Егер биыл бюджетке еніп үлгерсе, келесі жылы инженерлік желілердің құрылысы басталады. Инвесторлар үшін ең басты сұраныс — жер емес, инфрақұрылым. Электр қуаты, кәріз жүйесі және су тарту — қала құрылысын бастау үшін негізгі талаптар.Облыс бюджеті өткен жылы 120 миллиард теңгеге артты. Биыл да осы шамада жоспарланып отыр. Алатау қаласының инфрақұрылымын қаржыландыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетіктері және басқа да қаржыландыру механизмдері қолданылуда», — дейді әкім.
Сонымен қатар Алматы облысында 474 саяжай аумағы елді мекендер құрамына қосылып, бұл өңірде 180 мыңға жуық адамның әлеуметтік мәртебесі ресми түрде реттелмек.
«Осы шешім арқылы тұрғындардың инфрақұрылымға қол жеткізуі және өмір сүру сапасын арттыруды мақсатқа алдық. Аталған аумақтарды заңдастыру үшін облыстың бас жоспарларына өзгерістер енгізіліп, 350-ден астам саяжай елді мекен шекарасына кіргізілді. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет, сондықтан бюджеттен қаражат бөлу бірінші кезектегі міндет болып отыр.Өңірдегі бұл өзгерістер жалпы экономикалық даму үдерісімен тығыз байланысты. Алматы облысы экономикасын көтеру мақсатында бірқатар инвесторлар тартылды. Соның нәтижесінде, облыс жалпы ішкі өнім бойынша елімізде 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Қазір өңір тек Алматы, Астана, Атырау және Қарағанды облыстарынан кейінгі орында тұр.Бұл жетістік — экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жаңа жобаларды іске асыру және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі», — дейді Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, қазір ауызсу мәселесі қазіргі таңда өзекті.
«Адам саны тығыз орналасқан кейбір ауылдарда қажеттіліктер жиырма есеге дейін артып отыр. Бұрынғы елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдары салынған су жүйелері қазіргі уақыт талабына сай келмейді. Сондықтан бұл жүйелерді толық жаңғырту қажет.Білім беру саласында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Облыс жаңадан құрылған кезде үш ауысымды 53 мектеп болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 31-ге дейін төмендеді. Биыл тағы 16 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша алдағы бір-екі жылда үш ауысымды мектептер мәселесін толық шешу жоспарланып отыр», — дейді ол.
Соңғы уақытта Алматы қаласының студенттерін Қонаев қаласына көшіру туралы ақпараттар тарады.
Әкімнің айтуынша, бұл ретте Қонаев қаласында университет салуға жер телімдері белгіленіп, «Қонаев Академик Кампус» жобасы аясында бірқатар жұмыстар басталды.
«Жер телімдері бөлінді, қазір университеттермен келіссөздер жүргізілуде. Дегенмен, құрылыс жұмыстары инженерлік инфрақұрылымға байланысты тежеліп отыр. Жол, жарық, кәріз жүйесі секілді мәселелер шешілсе, университет құрылысы жедел басталуы мүмкін», — деді ол.
Қазіргі таңда облыста бір ғана университет – СДУ жұмыс істейді. Екінші университет – технология және энергетика бағытындағы оқу орны жартылай көшіп жатыр. Сонымен қатар, Талғар ауданындағы «Наукоград» жобасы аясында да бірнеше университеттерді көшіру жоспары бар. Бұл аймақтың Алматыға жақын орналасуы оқу орындары үшін тиімді мүмкіндікке айналып отыр.
«Қазіргі таңда Қонаев қаласына университет ашу немесе көшіру нақты іске аспағанымен, бұл мәселе жоспардан тыс қалған жоқ. Жер телімдері беріліп қойған. Қазір басты кедергі – инженерлік жүйелердің жеткіліксіздігі. Бұл шешілсе, университеттер құрылысын бастауға дайын», — деді ол.
Ол атағандай, жалпы алғанда, болашақта Қонаев қаласында жаңа университет ашу жоспары да қарастырылып жатыр.
«Бірақ білім сапасын қамтамасыз ету, дәстүр қалыптастыру уақытты талап етеді. Сондықтан қазіргі мақсат – халықаралық деңгейдегі беделді университеттердің филиалдарын тарту. Қазақстанға қазірдің өзінде шетелдік жоғары оқу орындары келіп жатыр, олардың білім беру жүйесі қалыптасқан. Сондықтан Қонаев Академик Кампус бастамасы аясында Қытай, Корея және басқа елдердің университеттерін тарту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Білім министрлігінің құрылымында осы жобамен айналысатын мекеме құрылған. Олар инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешілген жағдайда, бірқатар университеттерді Қонаев қаласына әкелуге дайын екенін білдіріп отыр», — деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев.