Алматы облысында «Қапшағай Бидай Өнімдері» атты дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеуге маманданған жаңа агрококешен іске қосылды, деп хабарлайды Todayinfo.
Салтанатты ашылу рәсімі 1 қараша күні Қонаев қаласында өтті. Іс-шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, сондай-ақ бизнес өкілдері мен Қытайдан келген серіктестер қатысты.
Жаңа зауыт өңірдің аграрлық секторындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылады. Кәсіпорынның қуаттылығы жыл сайын 1 миллион тоннадан астам дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі 15 миллиард теңгеден асты. Бұл — Қаскелең қаласынан кейінгі Алматы облысындағы екінші осындай өндіріс орны.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа агроөнеркәсіптік кешеннің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының дамуына серпін беретініне тоқталды:
«Алматы облысы – еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, инфрақұрылымның дамуы және инвесторларға жасалған қолдау агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қамтамасыз етіп отыр. Біз қосылған құны жоғары өнім шығаратын және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытатын жобаларды әрі қарай да қолдай береміз. “Қапшағай бидай өнімдері” инновациялық әрі экспортқа бағытталған өндірістің үлгісіне айналады», — деді өңір басшысы.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұл жобаның ел Президенті қойған нақты тапсырмамен ұштасатынын атап өтті:
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – Мемлекет басшысының тапсырмасы әрі саланың басым бағыты. “Қапшағай Бидай Өнімдері” зауытының іске қосылуы бизнес пен мемлекеттің ортақ мақсатқа – ауыл шаруашылығын тиімді етуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге ұмтылысын көрсетеді. Мұндай кәсіпорындар жергілікті экономиканы нығайтып, агросектордың бәсекеге қабілеттілігін арттырады», — деді вице-министр.
Рәсім соңында қонақтар зауыттың өндірістік қуатымен танысты. Қызыл түймені басу және локомотив гудогын іске қосу арқылы кәсіпорынның жұмысы ресми түрде басталды.

