«Таза Қазақстан» жалпы республикалық экологиялық акциясының «Жасыл Аймақ» бағыты аясында Алматы облысының Жаңалық ауылынан 100 отбасы «Отбасылық ағаш отырғыз» экочелленджінде бастама жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді және табиғатқа деген қамқорлықты қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды нығайту. Экочеллендж барысында 5 ағаш түрінен 4 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Челленджге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жергілікті тұрғындарға белсенділігі үшін алғысын білдірді.
-«Жасыл Аймақ» апталығы аясында облыс бойынша 30 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Ағаш көшеттерін отырғызу елді мекендерді және жалпы аймақты көгалдандыруға мүмкіндік береді. Барлық отбасы мүшелерінің қатысуы отбасылық құндылықтарды нығайтуға септігін тигізеді», — деді облыс әкімі.
Акцияға Алматы облысында тұратын этностардың өкілдері, отбасы мүшелерімен бірге этномәдени бірлестіктердің көптеген басшылары, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясының делегаттары да отбасылық бастамаға демеу болды.
«Ешнәрсе адамды бірлескен жұмыстағыдай жақындастырмайды деген сөз бар, бұған дәлел бүгінгі акция. Әр халықтың өзіндік ұрпақ сабақтастығы, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптары және бай мәдениеті бар, алайда осының барлығы бәрімізді бейбітшілікте, келісім мен бірлікте өмір сүруге ұмтылдырады», — деді Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Қоғамдық орынбасары Гамзе Гейдаров.
Қатысушылар экологиялық акцияларды өткізу жақсы дәстүрге айналады деп үміттенеді. Осы орайда айта кету керек, 26 сәуірде Алматы облысында 340 мыңнан астам оқушы бір мезгілде ағаш тұқымын отырғызып «Өз ағашыңды өсір» акциясын кең көлемде өткізді.