Өңірде іске асып жатқан бұл ірі құрылыс жобасының аясында 101-143 шақырымдық жол қайта жаңғырмақ, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Автожолды «КЛВ ИНШААТ Аноним ШИРКЕТИ» АҚ филиалы, dongsung ENGINEERING CO. инженерлік қызметі., LTD/DASAN CONSULTANTS CO., LTD. мердігер ұйымы жөндеп жатыр.
Бүгінде 4 жолақтың негіздемесінен бастап жоғарғы қабатына дейін 42 шақырым толық аяқталды. Осы аумақтың 31 шақырымына жол тежегіштері орнатылса, 35,9 километрінде жол жиегі тегістелді.
Сондай-ақ 37,5 шақырым аумаққа асфальтбетонның 2 қабаты және соңғы беткі қиыршық мастикалық асфальтбетон қабаты салынған.
Нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін қолданысқа беру күтілуде.
Аталған нысанның жұмыстары мен материалдарының сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облысы бойынша филиалы бақылайды. Орталық арнайы сараптама жасап, үнемі қадағалайды.
Нәтижесінде жыл басынан бері дәл осы нысаннан 246 құрылыс материалы сараптамадан өтіп, оның 23-і нормаға сәйкес емес екені анықталды. Мердігер мекемесі кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.


