Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев дарынды оқушылармен бірге Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне түсірілген бейнебаянына орай жариялаған челленджіне қосылды. Флешмоб жаңа облыс орталығы – Қонаев қаласының көрікті саябағында түсірілді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Челленджке қатысу шара аясындағы ерекше сәтке айналды. Жиын барысында өңірдің үздік оқушыларына облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Барлығы 22 оқушы марапатталды.
«Бүгін 2024–2025 оқу жылын сәтті аяқтап, замандастарының ортасынан білімімен, өнерімен танылып, «жүзден жүйрік» атанған, облысымыздың абыройын асқақтатқан жас дарындармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын», – деді облыс әкімі.
Өткен оқу жылында Алматы облысындағы 483 мектепте 352 мыңнан астам оқушы білім алды. 17 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, оның ішінде 1433-і – «Алтын белгі», 1513-і – үздік аттестат иегері атанды. Олимпиадалардағы жеңімпаздар саны 160-қа жетіп, соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды.
Өңірде ауыл оқушыларының талантын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Астана қаласында өткен республикалық олимпиадада Алматы облысының командасы ең үздік ауыл мектебі командасы деп танылды.
https://www.instagram.com/reel/DKZydRcIUhn/?igsh=anMzYTRmd3JpM3F5