Алматыда стратегиялық маңызы бар «Тұздыбастау» қосалқы станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі нысандағы жұмыстың соңғы кезеңімен танысты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «Тұздыбастау» қосалқы станциясының құрылыс нысанына барды. Жұмыс барысы тексеріліп, нысанды іске қосу және дамып келе жатқан аумақтардың энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету жайы талқыланды.
Қуаты 110/10-10 кВ «Тұздыбастау» қосалқы станциясы Түрксіб және Медеу аудандарын, сондай-ақ Алматы облысына қарасты жақын орналасқан елді мекендерді сенімді энергиямен қамту үшін салынып жатыр. Жобаны іске асыру жаңа тұрғын алаптарын, әлеуметтік нысандар мен өндірістік аймақтарды қосуға мүмкіндік береді, қолданыстағы желілерге түсетін жүктемені азайтып, қуат резервін арттырады.

«Инженерлік инфрақұрылымды дамыту – қаланың тұрақты өсімінің негізі. «Тұздыбастау» қосалқы станциясы жаңа шағынаудандарды үздіксіз электрмен қамтуға және желілердің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жұмысты межеленген мерзімде әрі сапалы аяқтау», – деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.
Жоба аясында: 110/10-10 кВ жабық қосалқы станция салынды; ұзындығы 7,8 км болатын 110 кВ кабель желісі тартылды; жалпы ұзындығы 14 км-ден асатын 10 кВ тарату кабель желілері жүргізілді.
Нысандағы құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта жабдықтарды сынақтан өткізу және іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. «Тұздыбастау» қосалқы станциясының пайдалануға берілуі Алматы энергожүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, жаңа аумақтардың болашақ дамуына қажетті қуат қорын қамтамасыз етеді.

									 
					