[Telegram-дағы EgovPress арнасында бір әйелдің «Дикий Арман» ұйымдасқан қылмыстық тобы мүшесінің ұлынан ақша талап еткенін мәлімдеген видеосы пайда болды, деп хабарлайды Todayinfo.
Видеодағы әйел ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері өзінің ұлын тауға апарып, ұрып-соғып, белдемше кигізіп, барлығын видеоға түсіріп, сол видеоларды әлеуметтік желіге жүктеймін деп ақша бопсалағанын айтады.
Ол ұлын қорғауды сұраған. Айтуынша, қылмыскерлер ұлынан екі жылдан бері ақша бопсалап келген. Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің өкілдері «Бопсалау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр.
Полиция өкілдері тергеу барысын Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауға алғанын мәлім етті.
Айта кетсек, қазір «Дикий Арман» лақап атымен жүрген Арман Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздіктер») және 287-бабы («Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бабы бойынша күдікті ретінде тергеліп жатыр.