Алматыда «Чемпиондық рух» атты есірткіге қарсы жобасы аясында бұқаралық таңғы жаттығу өтті, деп хабарлайды Todayinfo.
Алматы қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған «Чемпиондық рух» атты жастардың есірткіге қарсы жобасы аясында бұқаралық таңғы жаттығу ұйымдастырылды.
Шара «Динамо» спорт кешенінің аумағында өтіп, оған қала бойынша 1,5 мыңнан астам студент пен мектеп оқушылары қатысты. Науқан Алматы қалалық полиция Департаментінің қолдауымен және «Жастар рухы» қозғалысымен бірлесіп өткізілді.
Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес Басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, мұндай бастамаларды өткізу жастардың өмірлік ұстанымдарын дұрыс қалыптастыруға және есірткі мен психоактивті заттарды пайдалануға деген тұрақты теріс көзқарас орнатуға ықпал етеді:
«Денсаулық мәдениетін қалыптастыру – нашақорлыққа қарсы тұрудың ең тиімді жолы. Алматы полициясы физикалық белсенділікті дамытуға және салауатты өмір салтына ынталандыруға бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолдайды», – деді, Мұрат Жұмабаев.
Шараға қатысушылар мен құрметті қонақтар қатарында бокстан әлем чемпионы — Қанат Ислам, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, күрес бойынша Азия чемпионы Азамат Даулетбеков, сондай-ақ ММА-жауынгері Арман Оспанов болды. Олар жастармен өз жетістік тарихтарымен бөлісіп, дамуға, өзіне сенуге және теріс әсерлерге бой алдырмауға шақырды.
«Чемпиондық рух» жобасы полицияның «Профилактика жылы» аясындағы алдын алу жұмыстарының бір бөлігі болып табылады және Мемлекет Басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» қағидатының рухында жүзеге асырылуда.

