Алматы қаласының шетінде орналасқан аулалардың бірінен сумкадан табылған әйелдің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Марқұмның анасы 39 жастағы қызының азапталғанын, кейін қатыгездікпен өлтірілгенін айтып отыр.
Оқиғаның мән-жайы
Желтоқсан айының басында Алматы қаласы аулаларының бірінде әйел адамның денесі табылған болатын. Полиция күдіктіні екі күннен кейін ұстады. Марқұмның анасының айтуынша, күдікті қызымен бірге жалдамалы пәтерге барған. Алайда ер адам пәтерден үш күннен кейін ғана шыққан, содан кейін қолына шаруашылық сөмкесін ұстап қайта оралған. Марқұмның денесі дәл сол сөмкеден табылған болуы мүмкін.
Анасының жанайқайы
«Менің ойымша, мұны бір адам істемеген. Қызымның бет-әлпетінде сау тамтық жоқ. Бастапқыда мен оны танымай да қалдым. Көзі, тісі – бәрін шығарып тастаған. Күдікті болса, олардың ішімдік ішіп, демалуға барғанын айтады. Және қызым жуынатын бөлмеге барып, сол жерде құлап қалған көрінеді. Ал ол қорқып кетіп, мәйітті далаға тастап кеткен. Онда неге қызымның бүкіл денесі көгеріп тұр?» – дейді марқұмның анасы Жанна Тұрсынбаева.
Күдіктер
Әйел қызының өліміне жалдамалы пәтердің иесінің де қатысы бар деп есептейді.
Тергеу барысы
Қазіргі таңда полиция сот сараптамасын тағайындаған. Алматы қалалық полициясы бұл дерекке қатысты Түрксіб аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.