Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және белгіленген сауда үстемесін сақтау мақсатында Алматы қаласы әкімдігі Magnum, Small және Toimart ірі сауда желілерімен бағаны тұрақтандыру жөнінде меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.

Құжат аясында сауда желілері биылғы жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан асырмай, бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұруға дайын екенін растады.
Меморандумға қол қоюдың басты мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрғындарды қолдау және бірінші қажеттіліктегі өнімдердің алыпсатарлық жолмен қымбаттауына жол бермеу.

Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өңірлік жеткізілімдерді дамыту және отандық өндірушілерді қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл шаралар тауарлық қор қалыптастыруға және қала нарығын азық-түлік өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында отандық өндірушілердің өнімдерін тікелей жеткізу ұйымдастырылған. Қазір олардың өнімдері ірі сауда желілерінің сөрелеріне қойылған:
– «Алатау-Кус» АҚ, «Отан Грин Фуд» ЖШС және «Наурыз Агро» ЖШС өндіретін құс еті;
– «Сары-Бұлақ» ЖШС-нің І санаттағы жұмыртқасы;
– «Асыл Дән» ЖШС-нің күріші;
– «КаистИнвест» ЖШС-нің қанты.

