Фото: Алматы полициясы
Алматыда өздерін құқық қорғау органы қызметкеріміз деп таныстырған бір топ адам шетелдік азаматтарды алдап, ақша бопсалаған, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, күдіктілер Қытай Халық Республикасының азаматтарынан шамамен 5,5 миллион теңге алған.
Тергеу мәліметінше, олар алдын ала келісіп әрекет етіп, көшеде жүрген шетелдікке жақындап, өзін полицеймін деп таныстырған. Кейін олардың уақытша тұрып жатқан мекенжайына бірге барып, ақша талап еткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілердің бәрі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев бұл қылмыс дереу әшкере болғанын айтты.
– Біз күдіктілердің өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдап, ақша талап ету әрекетін дер кезінде тоқтаттық. Қазіргі уақытта бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — деді Байғараев.
Қалалық полиция департаменті күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

