Алматыда дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері Дамир Исахановқа бір топ адам шабуылдаған еді. Қазір соның мән-жайы анықталып жатыр.
Алматыда атақты дзюдошы Дамир Исаханов жүрек тұсынан пышақ жарақатын алды. Десе де спортшы аман қалды. Дамирдің таныстары бұған оған қарыз болғандар шабуылдауы мүмкін дейді.
“Біреулер оған қыруар ақша қарыз болған. 300 мың долларға жуық қарыз алған. Оның жарты сомасы ретінде үй берген, қалғаны қайтарылмаған. Мейрамхананың жанына кездесуге шақырған. Дамир маған телефон соғып, заңгерлік кеңеске мұқтаж болғандықтан, онымен баруымды өтінді. Бізбен бірге Дамирдің енесі келді. Біз бәрін көрдік”, – деді заңгер Әлішер Әлішов.
Шабуыл өткен дүйсенбіде болған. Автотұрақтағы төбелес бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Енесі мен адвокаты қансыраған спортшыны субұрқақтың жанынан тауып алды. Қазір спортшының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Күдіктілердің бірі ұсталды. Тергеудің егжей-тегжейлері әлі жарияланған жоқ.
“Бұл факті бойынша Алматы аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Тергеу барысы Алматы полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске салсақ, Алматыда дзюдодан Азия чемпионын бір топ адам соққыға жыққаны айтылған еді.