Алматы қаласында Жастар саясаты басқармасының қолдауымен және «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қорының ұйымдастыруымен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «IQ-ALA JASTARY» қалалық зияткерлік ойынының финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Жобаның мақсаты – жастардың білімге деген құштарлығын, сыни және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, шығармашылық әлеуетін шыңдау, сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен елдік рухты дәріптеу. Сонымен қатар, жобаның басты артықшылықтарының бірі — жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, елінің тарихы мен мәдени мұрасына құрметпен қарауға баулу болып саналады.
Биылғы зияткерлік жобаға Алматы қаласы бойынша 1000-нан астам жас қатысып, еліміздің болашағы саналатын жастардың интеллектуалды деңгейі мен азаматтық жауапкершілігінің жоғары екендігін көрсетті.
Зияткерлік ойын төрт негізгі лига бойынша ұйымдастырылды:
- Студенттік лига – ЖОО және колледж студенттері арасында;
- Белсенді жастар лигасы – комьюнити орталықтарының резиденттері, жастар омбудсмендері, ҮЕҰ өкілдері және шығармашыл жастар арасында;
- Жұмысшы жастар лигасы – әртүрлі салада еңбек ететін жастар арасында;
- Жастар лигасы – әртүрлі әлеуметтік топтағы жастар арасында.
Әр лигада үздік атанған командалар финалдық кезеңге жолдама алып, барлығы 19 команда білім, логика және тапқырлық бойынша өзара бақ сынады. Бұл — жастардың зияткерлік қабілетімен қатар, елге деген сүйіспеншілігін, жауапкершілігін көрсететін маңызды алаң болды.
Жүлде қоры 1 000 000 теңгені құраған финал нәтижесінде жеңімпаздар келесідей анықталды:
- I орын – «A-team» командасы (500 000 теңге);
- II орын – «Аққу, шортан һәм шаян» командасы (300 000 теңге);
- III орын – «Достар» командасы (200 000 теңге).
«Кей сұрақтар, әсіресе тарихи тастарға қатысты, күрделі болды. Бірақ әділ әрі тартысты өткен ойынның рухы ерекше әсер қалдырды. Мемлекеттік рәміздер күні аясында еліміздің тарихын, болмысын ұғыну – біз үшін үлкен құрмет», – деді II орын иегері Шұғыла Бүрлібаева.
«IQ-ALA JASTARY» жобасы – жас ұрпақтың ел тағдырына бейжай қарамайтынын, білім мен рухты қатар ұстанатын патриот жастар қалыптасып келе жатқанын дәлелдейтін маңызды жоба.
Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында тимбилдингтер, семинарлар және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл – жастардың жеке тұлғалық өсуіне, көшбасшылық қасиеттерінің дамуына, сондай-ақ бірлік пен отансүйгіштік сезімдерін нығайтуға сеп болды.
Ұйымдастырушылар жобаны алдағы жылдары дәстүрлі түрде өткізіп, оны республикалық деңгейде кеңейтуге ниетті. Бұл жұмыстардың барлығы жастардың бойында Отанға деген құрметті қалыптастыру болып саналады.