Алматыда құрылыс материалдары және лак-бояу өнімдері тұрған қоймадан өрт шықты, деп хабарлайды Todayinfo.kz Kazinform-ға сілтеме беріп.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 14 қаңтар күні сағат 20:25-те өрт сөндіру бөлімшелері Алмалы ауданы, Әуезов көшесі, 2/8 а мекенжайына шақыртуға шықты.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте құрылыс материалдары және лак-бояу өнімдері бар қойманың 500-ден астам шаршы метр аумағы жанып жатқанын анықтады.
«Өрттің көршілес орналасқан қоймаларға таралу қаупі туындады. Өртті сөндіру жұмыстарын қоймадағы тез жанғыш заттар (битум, лак-бояу) қиындатты. Дереу жедел штаб пен үш өрт сөндіру учаскесі құрылып, негізгі басым міндеттер айқындалды. Оны сөндіру барысында қызып тұрған темір қоймадан қауіпсіз жерге 3 оттегі және 4 газ баллоны шығарылды»,- деп хабарлады қалалық ТЖД-дан.
Өрт түнгі 22:34-те оқшауланып, 22:50-де толық сөндірілді.
Оған 21 бірлік техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылды.
Оттың шығу себебі анықталып жатыр. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
фото: Алматы ТЖД
Todayinfo.kz