Туа біткен омыртқа аномалиялары бар қазақстандық балалар Алматы қаласындағы № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында жасалған бірегей операциялар арқылы толыққанды өмір сүру мүмкіндігіне ие болды. «Spina Bifida — интраоперациялық нейромониторингті қолдану арқылы емдеудің заманауи әдістері» тақырыбындағы нейрохирургия бойынша мастер-класс аясында аурухананың нейрохирургтар тобы неміс профессоры Ульрих Вильгельм Томалемен бірлесіп, жеті кішкентай науқасқа операция жасады.
Бұл балалардың әрқайсысы жұлынның ауыр туа біткен ақауларынан, соның ішінде Spina Bifida-ның ең ауыр түрі болып саналатын миеломенингоцеле ауруынан зардап шекті. Бұл жағдайда жұлын және нервтер омыртқадағы ақау арқылы шығып, механикалық және химиялық зақымдануларға әкеледі. Бұл күрделі аномалиялар балалардың денсаулығының одан әрі нашарлауын болдырмау үшін шұғыл хирургиялық араласуды қажет етті.
Осындай пациенттердің бірі Қызылорда облысынан келген кішкентай Аиша болды. Анасы Жайна қызын шұғыл көмек алу үмітімен Алматыға алып келді. Бірнеше жыл бұрын Аишада жұлын жарығы анықталып, уақыт өте келе бұл ауру баланы сал қылды. Ол өздігінен жүріп-тұра алмайтын және қалыпты өмір сүре алмайтын болды.
«Қызымда жұлын жарығы бар. Бұл диагноздың артында Аишаның қол-аяғының істен шығуына әкелген қауіпті ауру тұрды. Біз бұл операцияны үлкен үмітпен күттік, «Милосердие» ерікті қорының қолдауымен осында болу мүмкіндігіне ие болдық. Барлық хирургтерге олардың еңбектері үшін ризамын. Енді бізде жаңа өмір басталады деп үміттенемін», — деп бөлісті Жайна.
Осы бірегей операциялар жүргізілген Мастер-классты «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «ДОМ» Қоғамдық Қоры ұйымдастырды.Осы күш-жігердің арқасында қазақстандық балалар сапалы өмір сүруге мүмкіндік алады, бұл әсіресе осындай ауыр ауруларға шалдыққан кішкентай науқастар үшін өте маңызды».
«Профессор Ульрих Томалемен бірлесе отырып, біз Spina Bifida туа біткен аномалиялары бар балаларға бірқатар күрделі операциялар жүргіздік. Бұл операциялар жоғары дәлдікті ғана емес, сонымен қатар үйлесімді командалық жұмысты қажет етті. Егер уақытында араласпаса, неврологиялық жетіспеушілік тек күшейе береді», — деп атап өтті Алматы қаласындағы № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.
Мастер-классқа Алматыдан ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларынан, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген қатысушылар да жиналды. Дәрігерлер күрделі ауруларды емдеудің заманауи әдістерін талқылап, өз тәжірибелерімен бөлісіп, біліктіліктерін арттырды. Бұл, сөзсіз, аймақтағы медициналық көмектің сапасын одан әрі жақсартуға әсер етеді.
Өзінің тәжірибесі мен білімімен бөліскен профессор Ульрих Вильгельм Томале қазақстандық әріптестеріне көп жылдық ынтымақтастық үшін шын жүректен алғысын білдіріп, кішкентай науқастарға тезірек сауығып кетуді тіледі. Бес күндік мастер-класс барысында нейрохирургтер тек операция жасап қана қоймай, науқастарға кеңес те берді. Бұл шара Қазақстандағы туа біткен омыртқа аномалиялары бар балаларға медициналық көмек көрсетуді дамытудағы маңызды қадам болды